Жуырда Намибия астанасы Виндхукта өткен ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Үкіметаралық комитетінің сессиясы барысында Қазақстан мен Қырғызстан бірлесіп жолдаған «Айтыс – импровизация өнері» атты номинациясы Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының көрнекі тізіміне енгізілді. Бұл жайында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аталмыш шараға Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның өкілдері және Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен елімізге белгілі айтыс ақындар Балғымбек Имашев пен Айнұр Тұрсынбаева қатысты.
Еске сала кетейік, Комиссияның былтырғы отырысында елімізден ЮНЕСКО тізіміне «Қазақтың дәстүрлі домбыра күй өнері» және Қырғызстанмен бірлесіп ұсынған «Киіз үйді жасаудың дәстүрлі білімдері мен дағдылары» атты номинациялар енген болатын.
Айтыс – тарихы кенен қазақ халқының баға жетпес асыл қазынасы, бабадан балаға жеткен ұлы мұрасы. Осы өнер арқылы халықтың мұңы да, жыры да, қуаныш-қызығы да жеткізілген. ЮНЕСКО ауқымында үлкен мәртебеге ие болған ұлт қазынасы қазақ халқының әлі талай абыройын асқақ етеді деген сенімдеміз.
ummet.kz-ақпарат