Өткен аптаның жұма күні, 24 шілдеде 2015 жылы Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының әкімшілігінің бастамасымен Алматы мешіттері дін өкілдері жұма намазында халықты табиғи апат салдарынан зардап шеккен аймақ тұрғындарының басына түскен қиыншылықтарға бей-жай қарамай, жұрт болып жұмыла көмек көрсетуге шақырды.
Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ-ның наиб мүфтиі:
«Құрметті мұсылман бауырлар! Бүгін отандастарымыз біздің көмегіміз бен қолдауымызға мұқтаж болып отыр. Дәл осындай сын сағаттарында біздің халқымыз әрқашан бірліктің белгісін байқатып, ұйымшылдыққа ұйысқан ұлт екенін көрсетіп, бір-біріне мейірімділік танытып, демеу бола білген. Мен баршаңыздың бауыр ретінде ағайындарымыздың алдындағы міндеттерімізді өтеуге шақырамын. Олармен бірге тілектес, ниеттес екенімізді білдіріп, тосыннан болған табиғи апаттың салдарын жойып, қалпына келтіруге атсалысайық» «Кім бауырының қажетін өтейтін болса, Алла оның өз қажетін өтейді. Кім мұсылман бауырының қайғысынан құтқарса, Алла оны ақірет күнінің бір қайғысынан құтқарады. (Бухари)».
Көмек беруге мыңнан астам алматылықтар атсалысты, олар азық-түлік пен бірінші қажетті заттарды жеткізіп қана қоймай, апат болған аймақты тазалау, қалпына келтіру жұмыстарын атқарды.
Жапа шеккен тұрғындарға қажетті қаражат жинау Алматы Орталық мешітінде 31 шілдеден 7 тамызға дейін ұйымдастырылады.
Жиылған барлық қаржы Қарағайлы ауылының табиғи апат салдарын алдын алу бөлімшесіне жеткізілетін болады.
Muftyat.kz