«Қайырымды жұма» – қоғамдық көлік бір күн бойы жолаушыларды тегін жеткізді.
Қасиетті жұма күніне орай Алматы облысы Талғар орталық мешітінің ұйымдастыруымен қайырымдылық акциялары жалғасуда.
«Қайырымды жұма» шарасы аясында Талғар-Алматы бағытында жүретін қоғамдық көлік бір күн бойы жолаушыларды тегін жеткізуде. Сондай-ақ Талғар қаласындағы «Нығмет» мешіті, Береке ауылдық мешіті, «Гүлахмет ата» мешіті, «Шариф мешіті» әр жұма күні әлуметтік аз қамтылған ауыл тұрғындары үшін дүкендерде тегін нан мен сүт таратып келеді.
Осы орайда жұма күнінің қадір-қасиетін ұлықтау мақсатында Діни басқарма тарапынан қолға алынған «Қайырымды жұма» акциясы қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде жалғасын тауып жатқанын айта кету керек.
Талғар ауданының имамы Қажымұхан Қамбарұлы бұл игі бастама аудан көлемінде ұдайы жалғасып тұратынын жеткізді.