25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Халықаралық конференцияның Үндеуі қабылданды

Халықаралық конференцияның Үндеуі қабылданды

Ел іші
Жарнама

25 қараша. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Елордада өтіп жатқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдығына арналған «Бейбітшілік пен рухани келісімді сақтаудағы діни институттардың рөлі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференция қорытындысы бойынша арнайы үндеу қабылданды.

Үндеуді жиын модераторы – ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров оқып берді. Үндеу мәтіні төмендегідей.

 Құрметті отандастар!

Біз, дін қайраткерлері, діни оқу орындарының жетекшілері, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесі, зиялы қауым өкілдері, «Бейбітшілік пен рухани келісімді сақтаудағы діни институттардың рөлі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысушылар қоғамда дінаралық бірлік пен татулықты, тыныштық пен ынтымақты нығайтуда діни бірлестіктердің орнын ескере келе, мұсылман қауымын барша халықтың біртұтас тарихи және рухани-мәдени мұраларына құрметпен қарауға, діни келісім мен бірліктің, толеранттылық пен діни төзімділіктің үлгілерін насихаттауға, достық қарым-қатынас, татулық, бейбітшілік сынды барша адамзатқа ортақ құндылықтарды белсенді түрде қолдауға, жаһандық және аймақтық кеңістікте орын алған теріс діни идеологияларға қарсы тұруға, жастардың түрлі топтар мен діни ағымдардың жетегіне кетуіне бірлесе тосқауыл қоюға, діни экстремизм мен радикализмнің алдын алуға, діни бірлестіктердің қайырымдылық шараларына үлес қосуға үндейміз.

Сонымен қатар барша дін, этнос өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін, әлеуметтік желі қолданушыларын өзгелер үшін қымбат болған діни құндылықтарға құрметпен қарауға шақырамыз. Бұл ретте әр азаматтың қоғам алдындағы моралдық жауапкершілігі жоғары болуы тиіс деп санаймыз.

 Құрметті дін қызметкерлері!

Бүгінде қоғамның дәстүрлі негіздеріне қауіп төніп жатқан кезеңде исламдық бағыттағы діни бірлестік, орталық өкілдері арасындағы диалогтың өзектілігі күн санап артуда.

Әсіресе, әлемдік пандемия жағдайында дін қызметкерлерінің рухани бірлігі, ортақ мақсаты алдыңғы орынға шықты. Біз, мұсылман үмбетінің дін қайраткерлері, мүфтилері пандемия кезінде әлемнің дін көшбасшыларына Үндеу жасаған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының «Біз – біргеміз, тілегіміз – ортақ» деп аталатын игі бастамасын қолдай отырып, барша адамзаттың амандығы мен саулығын тілейміз.

Алла Тағала жер бетінен жұқпалы індетті жойып, бейбіт өмірде жүздесуді нәсіп еткей. Осы орайда пандемия жағдайында халыққа қалтқысыз қызмет еткен барша дін өкілдеріне мол сауаптар тілейміз. Мұсылман әлемінің рухани тұтастығы, бірлігі мен ынтымағы артып, игі дұға-тілектері қабыл болғай. Әмин!

Халықаралық конференция жұмысына Қазақстан мүфтилері мен шетел дін қайраткерлері, білім-ғылым саласының жетекшілері, зиялы қауым өкілдері, діни бірлестік төрағалары, имамдар мен ұстаздар қатысты. 

Қазақстан Республикасы

 Нұр-Сұлтан қаласы

25 қараша 2020 жыл

 

undeu1

undeu2

undeu3

Бөлісу: