23 қазан. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Кеше Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдық мерейтойына орай өткен қарилар байқауында Құран Хатым оқылып, дұға жасалды.
Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан өткен ІХ республикалық байқаудың марапаттау рәсімінен бұрын 72 қатысушы Құран хатым оқыса, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы пандемиядан қайтыс болған отандастарымыз бен ел амандығы үшін арнайы дұға жасады.
«Уа, Жаратушы Жаббар иеміз! Осы оқылған Құран хатымның сауабын «лә иләһә иллаллаһ мухаммаддур расулаллаһ» деп өткен барша мұсылманның рухына және биыл індеттен қайтыс болған жерлестеріміздің рухына бағыштаймыз. Алла Тағалам, марқұмдардың рухын шат, жатқан жерін жәннат ете гөр! Артында қалған жақындарына көркем сабыр, өмірлеріне береке бергейсің! Елімізге, жерімізге құт-береке, ырыс-несібені бір өзің нәсіп ете гөр! Жаратқан Алла! Елімізді аман ет, жерімізді қауіп-қатерден, табиғи апаттардан сақта! Басымызға амандық, денімізге саулық бер, әмин!» деп дұға тіледі Бас мүфти.