28 шілде. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Қасиетті Құрбан айт мейрамына орай «Халал Дамудың» ұйымдастыруымен ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі мамандарының және жергілікті инспекциялық бақылаушылардың қатысуымен «Қасапшылық – сауапты, hәм жауапты іс» тақырыбында онлайн-семинар өтті, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Қазіргі таңда Республика бойынша «ҚМДБ Халал» сертификатына ие болған 39 қасапхана мен 389 қасапшы қызмет атқарады.⠀
«Халал Даму» директоры Айбек Аташевтің жетекшілігімен «Zoom» платформасында өткен семинарға 19 өңірлік жауапты өкілдер мен қасапшылар қатысты.⠀
Семинарда Құрбан айт мезгілінде құрбан шалу рәсімінің шариғат әдептеріне сай орындалудың маңыздылығы мен талаптары, басты қағидалары мен ережелері түсіндірілді.⠀
Мал союда сақталуы тиіс негізгі талаптар:
Пышақты малға көрсетпей қайрау;
Малды сол жамбасымен жатқызып, кеудесімен құбылаға қарату;
Құрбан шалуға ниет ету;
«Бисмиллә, Аллаhу Акбар» деп айту;
Малдың өңеш, кеңірдек және екі жағындағы екі тамырын кесу;
Малдың қаны толық ағып болғанша және жаны шыққанша күту.
Семинар соңында, Айбек Асқарбекұлы қасапшылардың сұрақтарына жауап беріп, Құрбан айт мейрамында қасапшылар жұмысының аса маңызды екендігін жеткізіп, қызметтеріне сәттілік тіледі.⠀
Естеріңізге сала кетейік, еліміздегі эпидемологиялық ахуалға байланысты, ҚМДБ-ның QURBAN2020.KZ сайты іске қосылған болатын. Сайт арқылы құрбан малына тапсырыс беріп, құрбандық рәсімін өткізе аласыз.