Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның отырысына қатысты. Бұл туралы Muftyat.kz хабарлады.
Алматы қаласындағы Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясында өткен жиынға комиссия төрағасы Қуаныш Сұлтанов қатысып: «Адамзат баласы ХХІ ғасырға аяқ басқан өркениетті, ғылым мен техниканың дамыған заманында да адам саудасы мәселесі әлі күнге дейін жойылмай келеді. Бүгінде бүкіл әлем бойынша миллиондаған адам саудасы бойынша әртүрлі қысымдықтарға ұшырауда. Қазақстанда да бүгінде із-түзсіз жоғалған, ұрланған, құқығы шектелген сияқты фактілер кездесуде. Өкінішке қарай, олардың дені жастар және кәмелетке толмаған балалар», – деді.
Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы бұл мәселе төңірегінде ой білдіріп, басқосуға жиналғандарды, сала мамандарын, сарапшыларды ізгілікті, имандылықты, адамгершілікті насихаттауға барынша атсалысуға шақырды.
Біріккен Ұлттар Ұйымының деректері бойынша, бүгінде әлем бойынша 27 млн адам құлдықта жүр екен.
ummet.kz-ақпарат