27 мамыр. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz –Сауаптар еселеніп жазылатын қасиетті Рамазан айында ҚМДБ «Зекет» қоры Нұр-Сұлтан қаласында 1826 ауызашар қоржынын таратты, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Әлемді дүрбелеңге салған індеттің кесірінен ораза айында жамағаттың мешіттегі жарқын жүздесулері болған жоқ. Бірақ, төтенше жағдай да ізгілік пен сауапты істерге кедергі бола алмайды.
«Зекет» қоры «Нығметке толы 30 күн» атты жобасы бойынша және «500 теңгеге ауызашар» акциясы аясында Рамазан айының әр күнінде 50-80 данадан ауызашар қоржындарын мұқтаж отбасыларға үлестірген болатын. Ол қоржында құрма, су, нан, ыстық тамақ, салат, жемістер мен ыстық бауырсақ та бар.
«Жүрек жылуы» акциясы бойынша Рамазан айында 500-ден астам азық-түлік қораптары мұқтаж жандардың үйіне жеткізілді.
Одан бөлек, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан құрылған «Талаба» қауымдастығының Мысыр және Түркия елдеріндегі орта арнаулы, жоғары діни оқу орындарында оқитын 470 мүшелеріне ауызашар берілді.
«Сонымен қатар, Ораза айт мейрамында 80 мұқтаж отбасыларға зекет үлестіріліп, айттық қорапшалары таратылды. Аталған жобаларға ат салысқан, көмек қолын созған әрбір жанға алғысымызды білдіреміз. Алла сауаптан жазсын!» дейді «Зекет» қорының өкілдері.