29
Жексенбі,
Желтоқсан

һижри

Мешіт астынан қылует бөлмесі табылды

Мешіт астынан қылует бөлмесі табылды

Ел іші
Жарнама

21 мамыр. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жасалған «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» тізімінде «Досжан ишан мешіті» кешені бар, деп хабарлайды baq.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.

Тарихшы Айшуақ Дәрменұлының айтуынша, ескерткіш мешіт пен медресе орнынан, ишанның өзі және ағайын-туыстары жерленген қабірлерден, құлшылық орны және шаруашылық үйлерінен тұрады.

«Досжан ишан мешіті» кешені уақыт және табиғат факторлары әсерінен жылдан-жылға мүжіліп барады. Жәдігер ретінде сақтап қалу үшін былтырдан бастап қамқорлыққа алу жұмыстары жүріп жатыр. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин «Тарихи ескерткіштер туралы» заңдар қатаң сақталуы керек. Барлық тиісті мекемелер мен мамандардан толық ақыл-кеңес, ұсыныстар алынсын. Бұл саланы жақсы білетін тәжірибелі мамандар пікірін есепке алған дұрыс. Тарихи жәдігерлерді қорғау, қамқорлық, болашаққа бүлдірмей жеткізу – біздің парызымыз. Асығыстық жараспайды» деп шегелеп тапсырған болатын, – дейді тарихшы.

Бұған дейін тарихшылар Досжан хазірет ұстаған Құран кітабы, жеке мөрі мен құманы бар екенін хабарлаған болатын.

2019 жылы Ә.Марғұлан атындағы археология институты жүргізген зерттеу кезінде мешіт астынан қылует бөлмесі анықталды. Оны әуелі азық-түлік сақтайтын ұра деп ойлаған. «Қылует» араб тіліндегі «хулуатун» сөзінен шыққан. Оның сөздік мағынасы жырақтану, жалғыз қалу дегенді білдіреді. Ұстаздың жетекшілігімен шәкірттердің көпшіліктен жырақтанып, арнайы оңаша бөлмеге бекініп, терең құлшылықта Алланы зікір етіп, жан дүниесін пенделік ойлардан арылту. Сопылар арасында қырық күндік жырақтануды «шиллә» деп атайды. Ол парсы тіліндегі «чихил» қырық деген сөзден алынған. Қырық күндікті сопылар «Қырық күн бойы шынайы ықыласпен құлшылық жасаған адамның жүрегінен тіліне қарай даналық бұлағы ағытылады» деген хадиске негіздейді. Яғни, қылует уақытша елден жырақтанып Хақ тағаламен бірге болу, пендешілік ойлардан арылып, жүректі тазартуға бағытталған шара. Бұл өз кезегінде діннің бұйрықтарына, пайғамбар сүннетіне сай әрекет етіп, намаз, ораза, Құран оқып ықыласпен құлшылық жасау, аз тамақтану, аз сөйлеу, аз ұйықтау арқылы жүзеге асады. Кеңестік билігі шамамен 1926-1927 жылдары мешіт-медресені жауып, қылуетті көміп тастаған, – дейді Айшуақ Дәрменұлы.

Бөлісу: