21 мамыр. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Ресей мүфтилер кеңесі, РФ мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастырған «Мұсылман әлемі жаһандық пандемияға қарсы: әлеуметтік оқшаулану жағдайындағы ынтымақтастық» атты халықаралық онлайн конференцияға қатысты, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Zoom платформасында онлайн конференцияда пандемия сынақтары, оқшаулануға мәжбүр болған мұсылман қоғамының алдағы уақыттағы амал-әрекеті, жаңа бастамаларды іске асырудың тиімді жолдары талқыланды. Жиынға Араб мемлекеттері, Орталық Азия мен Еуропа елдерінің діни жетекшілері мен, басқа да конфессиялардың діни қайраткерлері қатысты. ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы онлайн конференцияда баяндама жасады.
«Пандемия салдарынан мешіт есіктері жабық болғанымен, қайырымдылық пен сауап есігі әрдайым ашық болды» дей келе Бас мүфти Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Біз – біргеміз, тілегіміз – ортақ» бастамасына қолдау білдіріп, мұсылмандарды күллі адамзаттың амандығы үшін бір мезетте алақан жайып, дұға жасауға шақырған Ресей мүфтилер кеңесінің төрағасы Шейх Равиль Гайнутдинге, Түркияның Дін істері басқармасының төрағасы Али Ербашқа, Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Усмонхон Алимовке, Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Мақсатбек қажы Тоқтомушевке, Татарстан мүфтиі Камиль хазірет Самигуллинге, басқа да дін басшыларына алғыс айтты.
Өз кезегінде Шейх Равиль Гайнутдин ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлын пандемия кезінде жаһандық бастама көтеріп, жұртты жұмылдырғаны үшін ыстық ықыласын жеткізді. Жиын соңында онлайн конференцияға қатысқан дін қайраткерлері жаһандық жұқпалы індет кезінде дін жетекшілерінің дұрыс шешім қабылдап, мешіттерді уақытша жапқаны, жамағаттың денсаулығын ойлап, дұрыс пәтуа бергені оң қадам болды деген байламға келді.