28 ақпан. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – «Рахымқызы Раиса ана» мешітінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Ақыл, қайрат білімді тең ұстаған» атты интеллектуалдық сайыс өтті, деп хабарлайды ummet.kz тілшісі.
Елімізде хакім Абайдың 175 жылдығы кең ауқымды түрде насихатталып әрі аталып өтуде. Бұл іске Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты мешіттер де өз үлестерін қосуда.
Нұр-Сұлтан қаласындағы «Рахымқызы Раиса ана» мешіті де халқымыздың дана перзентін жамағат арасында кеңінен насихаттауда. Жақында ғана Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған» атты шығармашылық байқау жариялаған мешіт ұжымы кеше жамағат арасында ақынның құрметіне интеллектуалдық сайыс өткізді.
Әділқазылар алқасын ҚМДБ діни білім және кадр бөлімінің маманы Қожин Жаңабай Маратұлы, «Әзірет Сұлтан» республикалық мешітінің наиб имамы Дінмұхаммед Сманов, «Төлебай» мешітінің ұстазы Хасенов Саят Серікұлы құрады.
Шара басында сөз алған Дінмұхаммед Сманов биылғы жылы елімізде өте маңызды бірнеше мерейтойлардың қатар келгенін, оның әрбірінің халқымыз арасында кеңінен насихатталуы ұлттық рухани құндылықтарымызды жаңғыртуда маңызды екенін атап өтті. Соның ішінде хакім Абайдың тұлғасы мен «толық адам» идеясының насихатталуына үлес қосып жатқан «Рахымқызы Раиса ана» мешітінің ұжымына, Бас имам Қалижан Заңқоевқа алғысын білдірді және қатысушыларға табыс тіледі.
175 сұрақтан тұратын сайысқа жамағаттан құралған 7 топ қатысты. Қатысушылар арасында елорданың колледж, университет студенттері мен түрлі саланың мамандары және кәсіпкерлер бар.
Хакім Абайдың туған кезеңінен бастап білім ізденген жастық шағы, ел басқарған болыстық кезеңі, отбасы, шығармашылығы түгел дерлік қамтылған сайыста белсенділігімен, білімімен ерекшеленген «Фирдаус» тобы І-орын иегері атанып, жақында ғана жарық көрген Құран тәпсірі кітабына ие болды.
Ал, жүлделі ІІ және ІІІ орындарды «Мүбәрак» және «Құрмет» топтары өзара бөлісті.
Сайыс соңында сөз сөйлеген «Рахымқызы Раиса ана» мешітінің Бас имамы Қалижан Заңқоев уақытын бөліп келген әділқазылар алқасына, бір айдай уақыттан бері дайындалған қатысушы топтарға ризашылығын білдірді. Сонымен бірге, мұндай шаралардан әрбір қатысушының пайдалы білім алып шығатынын, халықтың бас ақыны Абайды тануда аталмыш шаралардың жиі өтуі маңызды екенін айтып өтті.
Сондай-ақ, интеллектуалдық шара ҚМДБ-ның 30 жылдығына орай «30 шара» жоспары аясында ұйымдастырылып отыр.