4 ақпан. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы бастамасымен Нұр-Сұлтан қаласының ерікті жастары Волонтерлар жылы аясында «Біз біргеміз» акциясы аясында жалғызбасты ананың үйіне барып, қарын шығарып, көмек-қолдауларын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
«Жалпы, Астана жастары» жастар ресурстық орталығында Волонтерлар жылы аясында Волонтерлар штабы ашылған болатын. Ол штабта 200-ге тарта белсенді волонтеріміз бар. Сол қыздар мен жігіттердің бастамасымен қаңтарда өзіңіз білетіндей «Біз біргеміз» акциясы басталған еді. Ол акциямыздың аясында елімізге белгілі жұлдыздар Тұрсынбек Қабатов, Асхат Садырбай және «Жайдарман» жастары бізді қолдаған болатын», - деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Ақерке Ақтай.
Оның айтуынша, акция жастар тарапынан үлкен қолдауға ие болып, қазіргі уақытта бастамаға 50 мыңға жуық адам үн қосқан. ««Біз біргеміз» акциясының мақсаты – көпбалалы ана немесе жалғызбасты аналар мен қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандардың үйлеріне келіп, ауласын қардан тазартып, көмегімізді беру. Акция басталғалы елордадағы жас жігіттер мен қыздар 200-ге тарта үйге барып, көмек көрсетті. Шара аясында 48 мың текше метр қар шығарылды. Яғни, мұндағы мақсат – халық арасында жақсылық жасаудан жарысып, көмекті қажет ететін адамдарға қолдау білдіру. Сондықтан, бүкіл халықты осы бастамаға қосылуға шақырамыз», - деді ол. Осылайша, бүгін де 25 волонтер жалғызбасты ана мен қарт әженің үйіне барып көмегін көрсетті. Астанада биыл қардың қалың түскені белгілі. Сондықтан ерікті жастар бұл жұмысын тоқтатпай, өз қатарластарын жақсылық жасауға шақырады. Айта кетейік, елорда жастары әлеуметтік желіде қар күреу челленджін бастап , елорда еріктілерін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қолдаған болатын.