22 қаңтар. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақтың ұлы ойшылы, ғұлама ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының басталуына арналған салтанатты шараға қатысты, деп хабарлайды akorda.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің барлық өңірінде және шетелдерде жыл бойына өтетін мерекелік шараларды ресми түрде бастап берді.
«Қазақ халқы – Абайдың халқы» атты мерекелік концерт «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театрында өтті.
Концерт бағдарламасына Абайдың барлық музыкалық мұрасы енген. Ақын шығармаларын КСРО және Қазақстанның халық әртістері Асанәлі Әшімов, Әлібек Дінішев, Роза Рымбаева, белгілі мәдениет қайраткерлері Майра Мұхамедқызы, Айман Мұсақожаева, Берік Айтжанов, сондай-ақ, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары мен талантты жастар орындады.