30 желтоқсан. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Осы жылы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде ашылған діни ақпарат беру орталығы жылдық жұмысын қорытындылады, деп хабарлайды muslim.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Жиналған жұртшылыққа ұялы байланыс қызметінен бөлек жуырда қолданысқа енген Whatsapp және Telegram желісі арқылы сұрақ-жауап жүргізу идеясының жүзеге асқандығы мәлімделді. Одан бөлек арнайы QR код оқитын қосымша ақпараттық көмекші құралдың жұмыс істеу тәртібі таныстырылды.
«Әзірет Сұлтан» мешітінің бірінші наиб имамы Марат Бектазин: «Жыл басынан бері Елордамыздағы ең білікті дін қызметкерлері 24 сағат бойы 8 300 ден аса сұраққа жауап берді. Бұдан бөлек мешітке келген 900 адамның сауалына қатысты пәтуа берілді. Call орталық алдағы уақытта өз жұмысын қарқынды түрде жалғастыратын болады», деп атап өтті.
Сондай-ақ, Call орталық қызметкерлеріне Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы, бірінші наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының арнайы алғыс хаты табыс етілді.
Айта кетсек, бүгінгі күні халық сұранысына орай, жауапты мамандар қазақ және орыс тілдерінде сұхбат жүргізіп отыр. Call Орталықтың тәулік бойы үзіліссіз жұмыс жасауы үшін Елорда мешітттерінің 60 діни қызметкері жұмылдырылған. Білікті мамандардан жасақталған топ арнайы кесте бойынша кезекшіліктерін атқарып, тәуліктің кез келген уақытында келіп түскен қоңырауға жауап беріп отыр. Орталықтағы мамандардың тәжірибесін арттыру мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пәтуа бөлімінің мамандары имамдарға семинарлар өткізіп келеді.