26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

3. Ораза парыз болудың шарттары

Ораза

Оразаның үш түрлі шарты бар. Ол:

1. Ораза парыз болудың шарттары;

2. Оразаны толық ұстаудың шарттары;

3. Ораза дұрыс болудың шарттары;[1]

Ораза парыз болудың бірінші шарты: Ислам, яғни мұсылман болу. Себебі, кәпірлерге ораза міндеттелмейді.[2] Өйткені, біріншіден: Исламға иман келтірмеген адамнан шариғат талаптарын орындауын талап ете алмайсың. Екіншіден: кәпірдің ораза ұстау ниеті оның кәпірлігі себебінен қабыл етілмейді.[3]

Ораза парыз болудың екінші шарты: саналы, яғни ақыл-есі дұрыс болу.[4] Расулуллаһтың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Үш адамға күнә жазылмайды: ақылынан ауысқанға, ол қашан ақылына келмейiнше. Ұйықтап жатқан адамға, ол оянбайынша. Сәбиге, ол балиғатқа жетпейiнше»,-дегеніне[5] сай, есі ауысқан және есінен танған адамға ораза парыз емес.

Ораза кезінде есі ауысқан адамға, ол тіпті жарты ай бойы ақыл-есінен айырылған жағдайда, ораза парыз болмайды. Мәселен, оразаның басында ақыл-есінен айырылып, кейін қайта есіне келген адам оразасын жалғастырады әрі есі ауысуы себебінен ұстамаған күндердің қазасын өтейді. Ораза кезінде есінен айырылып, ораза біткеннен кейін ақылына келген жағдайда ұстамаған күндердің қазасын өтемейді.[6]

Талма кеселіне ұшыраған адам Хақ Тағаланың: «Сендерден біреу науқас немесе жолаушы болса, ораза ұстамаған күндерін басқа күндерде ұстайды»,-дегеніне сай,[7] ол тіпті Рамазан бойы есінен танып талып жатса да, қаза күндерін толық өтейді. Тек таңертең ауыз бекітуді ниеттеніп, кейін талып қалған жағдайда ниеттенген күннің қазасын өтемейді.[8]

Ораза парыз болудың үшінші шарты: балиғатқа жеткен[9] болу.[10] Расулуллаһтың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Ұл-қыздарыңа, олар жетi жасқа толғаннан бастап, намаз оқуды үйретiңдер. Он жасқа толғаннан бастап намазға тұрғызыңдар. Тұрмаса – ұрыңдар.[11]Әрi сол кезден бастап жататын жерлерiн бөлек етiңдер»,-дегеніне[12] сай, балиғатқа жеткен ұл-қызға намаз оқу да, ораза ұстау да – парыз.

Балиғат жасына жетпеген баланың ауыз бекіту мәселесіне келер болсақ, оның оразасы дұрыс болады.[13] Бұл жағдайда оразаның сауабы баланың өзіне және мұсылмандық тәрбие берген ата-анасына жазылады.[14]

Ораза парыз болудың төртінші шарты: ораза парыз екенін білу.[15] Хақ Тағаланың жарылқауымен еліміз егеменділік алғалы бері халқымыз дінге бет бұруда. Құдайға шүкір, айт мұсылмандардың мерекесі екені ескеріліп айт күндері демалыс күндері деп жарияланып жатыр. Бұл да болса еліміз мұсылман елі екеніне дәлел. Сонымен қатар, ақпарат құралдары арқылы ораза жайында айтылып жатады. Шариғат бойынша мұндай жағдайда өзін «мен – мұсылманмын» деген пенденің ауыз бекітуден жалтарып, «жұмыс істейтін едім», «мен әлі дайын емеспін» деген (себеп емес) түрлі сылтауы үзір бола алмайды.

Абдуссамад Махат

«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы

 



[1]«Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа».

[2]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[3]«Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа».

[4]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи», «Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа».

[5]«Әл-Жәмиъус-Сағир».

[6]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи», «Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа».

[7]«Бақара» сүресі, 184 аят.

[8]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи», «Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа».

[9]яғни, шариғат бойынша кәмілетке жеткен. Дін тұрғысынан қарағанда ер балалар шамамен 13 жасында, ал қыз балалар етеккірі келген мезгілден бастап балиғат жасына толған болып есептеледі. Осы жасқа келгенге дейін ұл-қыздарына Аллаһ Тағаланы танытып, дін ілімін үйрету – ата-анаға борыш. Сондай-ақ, ержеткен, саналы мұсылманға шариғат бұйырған істі орындау, бұйырмаған істерден тыйылу шарт.

[10]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи», «Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа».

[11]әрине, бұдан мақсат: Құдай бердi деп орынды-орынсыз болсын ұрып, көк-ала қойдай ету емес. Шын ар-ұяты бар адам үшiн орынды айтылған сөздiң өзi таяқтан ауыр. Әрi қол көтеруден бұрын ата-ананың өзi баласына қаншалықты дұрыс тәрбие бергенiн ескергенi жөн. Имам Ахмад Муъаз ибн Жәбәлдан (родиял-лаһу ъанһу) риуаят еткен хадисте Расулуллаһ (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм): «Бала-шағаңа шамаға қарай жұмса. Олар әдептілік шегінен шықпау үшін таяғыңды (тәрбие үшін пайдаланатын) тықпа. Әрі олар Аллаһ Тағаладан қорқатындай ет!»,-деген. («Муснадүл-Имами Ахмад») Бұл жерде «таяғыңды тықпа» деуден мақсат: балдарды «әке ескертпейді, білгеніңді істе» деген ойдан қайтару. Кейде шариғат рұқсат еткен шекте ұру да қажет. Бүгінгі күні біз баламызды жақсы көргеніміз себебінен әуелден ескертпей, кейін бұзылып, болар іс болғаннан соң жылап, өкініп жатамыз. Кейбіреулер: «Баланы ұру оған деген сүйіспеншілікке жатпайды»,-дейді. Ал ақиқатында баланы ескертпеу – оған деген мейірімділікке жатпайды. Баласының бойында ісік болып, ол ісігі іріндеп жатқанына қайсы ата-ана шыдайды? Бұл жағдайда бала қанша көнбей жыласа да, бірақ ісігін емдеу үшін дәрі жаққанға тура келеді. Абдуллаһ ибн Масъуд (родиял-лаһу ъанһу): «Балдарыңның намаздарын қадағалап, оларды әдептілікке үйретіңдер!»,-десе, Хаким Лұқман: «Әке баласын ұрғаны – шөл жерді суарғанмен тең»,-деген. Расулуллаһ (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) бір сөзінде: «Баланы ескерту бір сағ бидайды садақа еткеннен абзал»,-десе (1 сағ – 4,375 гр), екінші бір сөзінде: «Бала-шағасын ескерту үшін қамшысын іліп қойған адамға Аллаһ Тағаланың рақымы жаусын»,-деген. Сонымен қатар, Расулуллаһтың (с.ғ.с.): «Әкенің баласы үшін жақсы тәрбие беруден артық сыйы жоқ!»,-деген сөзін де ескергеніміз жөн. (Аудармашыдан)

[12]«Сунәнут-Тирмизи».

[13]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[14]Әс-Саиб ибн Йазид (родиял-лаһу ъанһу) айтады: «Әкем Расулуллаһпен (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) бiрге қоштасу қажылығына барғанында менi өзiмен бiрге апарды. Ол кезде менiң жасым жетiде едi». («Сахихүл-Бухари») Ибн Аббас (родиял-лаһу ъанһу) айтады: “Бiрде Нәби с.ғ.с. «Әр-Раухада» (Әр-Рауха – мекен атауы) бiр керуендi кездестiріп, керуендегiлерден: «Сендер кiмсiңдер?»,-деп сұрағанда, олар: «Бiз – мұсылманбыз. Өзiңiз кiм боласыз?»,-деді. Расулуллаһ (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм): «Мен Аллаһ Тағаланың пайғамбарымын»,-деп жауап берді. Сонда бiр әйел қолындағы сәбиiн көтерiп: «Мына сәби қажылықты орындаса бола ма?»,-деп сұрады. Расулуллаһ (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм): «Иә, болады. Оның сауабы саған жазылады»,-деп жауап бердi». («Сахиху Муслим»)

[15]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

Бөлісу: