26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Оразаның артықшылығы

Ораза

Оразаның артықшылығына Хақ Тағаланың: «Уа, мүминдер! Бұрынғыларға[1] парыз етілгендей сендерге де ораза парыз етілді»,-деген[2] сөзі меңзесе, Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм):«Ислам бес нәрсеге негiзделген: «Аллаһ Тағаладан басқа тәңiр жоқ, Мухаммад (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) Оның құлы, әрi Елшiсi»,-деп куәлiк ету, намаз оқу, зекет беру, қажылыққа бару және Рамазан айында ораза ұстау»,-дегені,[3] ораза құлшылықтың ерекше түрі екенін көрсетеді.

Ораза күнәлардың кешірілуінің бірден-бір себебі.

Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады: «Рамазан айының оразасын шын иман келтірген[4] және сауаптан үміттенген халде[5]ұстаған адамның бұрын iстелген күнәлары кешiрiледi».[6]

«Шын иман келтіру» дегеніміз: Хақ Тағаланың бар екеніне, жалғыздығына шын жүректен сену және оразаны парыз еткеніне разы болу.[7]

«Сауаптан үміттену»: оразаның парыздығын жан-тәнімен қабылдап, оразаның есесіне тиісті сауап алатынына күмәнданбау.[8]

Жаратушы Ие амалдарға тиісті сауап пен жазаның мөлшерін баян еткен. Мысал ретінде намазды жеке оқығаннан гөрі жамағатпен оқығанның сауаптылығын айтуға болады. Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады: «Жамағатпен оқылған намаз жеке оқылған намаздан жиырма жеті есе абзал».[9]

Ораза үшін берілетін сауап мөлшеріне келер болсақ, Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) бір сөзінде: «Адам (ғаләйһис-саләм) баласының барлық амалының сауабы оннан жеті жүз есеге дейін артық беріледі»,-десе,[10] екінші бір сөзінде: «Хақ Тағала айтады:[11] «Адам (ъаләйһис-саләм) баласының барлық амалы өзі үшін. Тек ораза Мен үшін. Мен оразаның есесін беремін».[12] Ораза – қалқан.[13] Ораза ұстағандарың жаман сөз айтпасын, дауласпасын. Біреу оны балағаттаса немесе онымен жанжалдасса, ол: «Мен оразамын»,-десін.[14] Мухаммадтың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) жаны билігінде болған Аллаһ Тағаламен ант етем! Қиямет күні Жаратушы Иенің жанында ораза ұстаушының аузының иісі мисктің иісінен абзал. Ораза ұстаушыға екі шаттық бар. Бірі – ауыз ашқанда қуанады.[15] Екіншісі – Қияметте Раббысымен жүздескенде ораза ұстағанына қуанады»,-деген.[16]

Бұл хадис оразаның мына артықшылық жақтарын баян етеді.

Біріншіден: Аллаһ Тағала пенденің істеген құлшылықтарының ішінде тек оразаға қатысты: «Пенденің бұл құлшылығы Мен үшін»,-деді. Бұл оразаның ерекше құрметке лайық құлшылық түрі екенін көрсетеді.

Ораза ұстаған адам таң атқаннан күн батқанға дейін ауыз бекітіп, тіпті, оңашаланып, сырт көзден тыс қалған сәттің өзінде ішіп-жеуден тыйылады. Бұл – пенде мен Жаратушы Иенің арасындағы сыр!

Неге ораза ұстаушы оңаша қалған сәтте тамақтанудан тыйылады?! Өйткені ол Раббысы үшін дүниеде жасырын әрі құпия нәрсе жоқ екенін біледі. «Аузым – ораза»,-деген адамның ішіп-жегенін өзгелер білмесе де, Хақ Тағала біледі. Сонымен қатар, Жаратушының әміріне қарсы келуден қорқу және сауаптан үміттену ауыз бекіткен адам оразасында ықыласты болуына жетелейді. Міне, бұл –Раббыға деген шексіз махаббат пен кәміл ықыластың бейнесі.

Екіншіден: жоғарыда айтылғандай әрбір ізгі амал үшін берілетін сауаптың белгілі мөлшері болса, ораза үшін берілетін сауаптың мөлшері жалғыз Аллаһ Тағалаға мәлім.

Ораза өзіне сабырлықтың үш түрін қамтиды. Ол:

1. Жаратушы Иенің әміріне бойсұнудағы сабырлық;

2. Хақ Тағаланың тыйым салғанына тыйылудағы сабырлық;

3. Оразаның кезінде шөлдегенге, қарны ашқанға және дененің әлсіреуіне сабыр ету.[17]

Ал Хақ Тағала «Зүмәр» сүресінің 10-шы аятында: «Күмән жоқ, сабырлы болғандарға сауап-сыйлары есепсіз беріледі»,-деген. Демек, ораза ұстаушы мол сауапқа ие болатынына тек хадис емес, бәлкім, Аллаһ Тағаланың сөзі болған Қасиетті Құран Кәрим де нұсқауда.[18]

Үшіншіден: ораза – қалқан, яғни пендені жаман сөзден қайтаратын құрал. Осы себептен Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Ораза – қалқан. Ораза ұстағандарың жаман сөз айтпасын, дауласпасын. Біреу оны балағаттаса немесе онымен жанжалдасса, ол: «Мен оразамын»,-десін»,-деп бұйырды.

Сонымен қатар, ораза – тозақ отынан қалқан. Бұл мәселеге қатысты Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Хақ Тағала: «Ораза – пенде тозақ отынан қорғанатын қалқаны»,-деп айтады»,-деген.[19]

Төртіншіден: Қиямет күні Жаратушы Иенің жанында ораза ұстаушының аузының иісі мисктің иісінен абзал болуы. Себебі, ораза ұстаушының аузынан шыққан иіс – ауыз бекіткеннің әсері әрі пенде Жаратушысының әміріне бойсұнғанның белгісі.[20]

Бесіншіден: ораза ұстаушы ауыз ашқанда шаттыққа бөленуі.

Бұл іс екі мәселені қамтиды.

Бірінші мәселе: ораза ұстаушы күні бойы нәр татпай, күн батқаннан кейін қарны тойып, шөлі қанған сәтте табиғи ләззатқа бөленуі.[21]

Екінші мәселе: пенде Раббысы оған ораза ұстауын нәсіп еткеніне қуануы. Қаншама адам шайтанның жетегі мен нәпсісіне еріп өз-өзін одан мақрұм етуде?!

Алтыншыдан: ораза ұстаушы Қияметте Раббысымен жүздескенде шаттыққа бөленуі. Не себепті?

Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады: «Жәннатта «Раййан»[22] атты қақпа бар.[23] Қиямет күні ол қақпадан ораза ұстағандардан өзге ешкiм[24] кiрмейдi. Қиямет күнi: «Ораза ұстағандар қайда?»,-деп жар салынады.[25] Сонда ораза ұстағандар тұрып сол қақпадан кiредi. Олар кiрiп болған соң қақпа жабылып, одан басқа ешкiм кiрмейдi».[26]

«Қиямет күні ораза мен Құран пендеге шапағат етіп, ораза: «Уа, Раббым! Мен оны күндіз ішіп-жеуден тыйдым. Менің шапағатымды қабыл ет»,-десе, Құран: «Уа, Раббым! Мен оны түнде ұйқысынан айырдым. Менің шапағатымды қабыл ет»,-дейді. Кейін олардың шапағаты қабыл етіледі».[27]

Суфйан ибн Ъуяйна (рохматул-лаһи ъаләйһи) айтады: «Аллаһ Тағала Қиямет күні пендесін жауапқа тартып, амалдарын тізіп, ондағы кемшіліктері үшін айыптайды. Оразаға кезек келгенде Хақ Тағала амалдардағы кемшіліктерді кешіріп, оразаның себебінен пендені жәннатқа кіргізеді».[28]

Тақырыпты Имам Бухари Әбу Һурайрадан (родиял-лаһу ғанһу) риуаят еткен мына хадиспен тәмамдағым келеді.

Әбу Һурайра (родиял-лаһу ғанһу) айтады: «Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Қиямет күнi Аллаһ Тағала жолына[29] екi нәрсенi[30] жұмсаған адамды жәннаттың бiр есiгiнен: «Ей, Аллаһтың құлы! Бұлжақсылық»,-деп[31] шақырылады. Намаз оқығанды[32]«намаз» есiгiнен, дін жолында соғысқанды «жиһад»[33] есiгiнен, ораза ұстағандарды «Раййан» есiгiнен, ал садақа бергендердi «садақа» есiгiнен шақырады»,-деп айтқанда, Әбу Бәкр (родиял-лаһу ғанһу): «Ата-анам Сіз үшін құрбан! Бұл есiктің бірінен шақырылғанға не қам, не қайғы? Алайда, осы есiктiң барлығынан бiрдей шақырылатын пенде бола ма?»,-деп сұрады. Сонда Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Иә, болады. Мен Аллаһ Тағаладан сiздi солардың бiрi болуыңызды тiлеймiн»,-деп жауап бердi».[34]

Жаратушы Ие ұстаған оразаларымызды қабыл етіп, тағдырымызға хадисте айтылған жәннаттың есіктерінен шақырылуымызды жазсын! Әмин!

Абдуссамад Махат

«Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы

 



[1]яғни, сендерден бұрын болған үмметтерге. («Тафсирүл-Жәләләйн»)

[2] «Бақара» сүресі, 183 аят.

[3] хадисті Абдуллаһ ибн Омардан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Бухари риуаят етті. («Сахихүл-Бухари»)

[4] яғни, шын жүректен, тек Хақ Тағаланың разылығы үшін, көзбояушылықтан аулақ болған халде. («Әл-Муа`тта»)

[5] яғни, жалғыз Аллаһ Тағаланың разылығы үшін әрі Жаратушыдан сауабын үміттенген халде. («Сунәнун-Насаи»)

[6] бұл сөздің түсініктемесіне қатысты ғалымдар түрлі пікір айтқан. Мәселен, ғалымдардың бір тобы: «Тек кіші күнәлары кешіріледі»,-десе, («Сахихүл-Бухари») екінші тобы: «Кіші және үлкен күнәлары кешіріледі»,-деген. Бұл пікірді Имам Ибн Хажәр айтып, Имам Ибн Әл-Мунзир оны қолдаған. («Әл-Муа`тта») Хадисті Әбу Һурайрадан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Бухари риуаят етті. («Сахихүл-Бухари»)

[7] «Мажәлису шаһри Рамазан».

[8] «Мажәлису шаһри Рамазан».

[9] хадисті Абдуллаһ ибн Омардан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Бухари, Имам Муслим, Имам Ахмад, Имам Тирмизи, Имам Насаи және Имам Ибн Мажәһ риуаят етті. («Әл-Жәмиъус-Сағир») Басқа риуаяттарда жамағат намазы жеке оқыған намаздан жиырма бес есе артық болатыны жайында айтылған. Рауилердің (рауи – хадисті айтып беруші) ішінде «жиырма жеті есе абзал» сөзін тек Ибн Омар (родиял-лаһу ъанһу) айтқан. («Тухфатүл-Ахуази») Екі ұғымдағы хадистердің мәнісі: жамағаттың артықшылығына меңзеп, намазды жамағатпен оқуға ынталандыру. Бірде Ибн Аббас (родиял-лаһу ъанһу): «Жамағат намазы жеке оқыған намаздан жиырма бес есе артық әрі мешіттегі жамағаттың саны көп болған сайын намаздың да артықшылығы арта түседі»,-дегенде, біреу: «Жамағаттың саны он мың болса, намаздың артықшылығы да соған арта түсе ме?»,-деп сұрады. Сонда Ибн Аббас (родиял-лаһу ъанһу): «Иә. Тіпті жамағат саны қырық мың болса, намаздың да артықшылығы соған сай болады»,-деп жауап берген болатын. Кәъб те (родиял-лаһу ъанһу) осыған сай: «Намаздың артықшылығы мешіттегі жамағаттың санына сай арта түседі»,-деген. Осыдан хадистегі артықшылық жамағаттың ең аз санына қатысты айтылған, жамағат саны көп болған сайын намаздың да артықшылығы молая түседі деп тұжырым жасауға болады. («Әл-Муатта`а»)

[10] хадисті Әбу Һурайрадан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Муслим риуаят етті. («Сахиху Муслим»)

[11] бұл хадис өзіне Хақ Тағаланың дегенін қамтығандықтан қудси хадиске жатады. Қудси хадис – Құран аяттары тәрiздi анық уахи (хабар) етiлмеген дiнге қатысты Аллаһ Тағаланың бұйрығы. Имам Әбу Әл-Бақо өзінің «Күллийату Әбил-Бақо» атты еңбегiнде қудси хадистің түсініктемесіне қатысты: «Қудси хадис пен Құранның айырмашылығы: Құран – Жәбрәил (ғ.с.) арқылы түсірілген Хақ Тағаланың сөзі. Қудси хадис – Нәбидің (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) өз сөзімен жеткізген илһам (көңіліне салу) немесе түс арқылы келген Аллаһ Тағаланың хабары»,-деген. Осы себептен «қудси хадис» дәрежелiк жағынан Құран аяттары мен «нәбәуи хадистiң» арасында тұрады. («Қудси хадистер»)

[12] бұл сөз оразаның артықшылығы мен сауаптылығына меңзейді. («Сахиху Муслим би шархин-Науауи»)

[13] яғни, жебеден сақтаған қалқан тәрізді ораза иесін осы өмірде күнәдан қайтарады немесе Ақыретте тозақ отынан сақтайды. («Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир»)

[14] яғни, тілмен айтсын немесе жүрегінде сол сезім болсын. Тілмен айтқаны жүрек талабына сай болса тіпті жақсы! («Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир»)

[15] Имам Құртуби айтады: «Бұл жерде шаттықтың мағынасы: ауыз ашуға рұқсат етілгеннен кейін қарын тойып, шөлдің қануы». («Фатхүл-Бари» шарху «Сахихил-Бухари») Себебі қарны ашқанда тамақтану – табиғи нәрсе. («Сахихүл-Бухари»)

[16] яғни, оразасы қабыл болып, сауапқа қол жеткізумен. («Сахихүл-Бухари») Хадисті Әбу Һурайрадан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Бухари, Имам Муслим және Имам Насаи риуаят етті. Әл-Жәмиъус-Сағир»)

[17] «Мажәлису шаһри Рамазан».

[18] «Мажәлису шаһри Рамазан».

[19] хадисті Жәбирден (родиял-лаһу ъанһу) Имам Ахмад және Имам Байһақи риуаят етті. Әл-Жәмиъус-Сағир»)

[20]бұл имандылық мәселесінің «таухиду рубубийа», яғни Аллаһ Тағаланы барлық ісінде жалғыз деп біліп, жалғыз Аллаһ Тағаланы барлық нәрсенің Жаратушысы және Иесі деп мойындауына жатады. Әсасүл-Иман»)

[21] дүниеде жалғыз Хақ Тағала тамақтандырып, бірақ Өзі тамақтанбайды. Бұл тек Аллаһ Тағалаға тән сипат. («Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир»)Бұл имандылық мәселесінің «таухиду рубубийа», яғни Аллаһ Тағаланы барлық ісінде жалғыз деп біліп, жалғыз Аллаһ Тағаланы барлық нәрсенің Жаратушысы және Иесі деп мойындауына жатады. Әсасүл-Иман») Одан өзгенің бәрі өзінің жаратылу табиғатына сай азықтанады. Мәселен, періштелерді алайық. Періштенің асы тәсбих (тәсбих – Аллаһ Тағаланы ұлықтап, кемшіліктен пәктеу) пен зікір (зікір – Аллаһ Тағаланы еске алу. Бұл да тәсбихке жатады) болса, сусыны Аллаһ Тағала деген пәк махаббат сезім мен таза ілім. («Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир»)

[22] «Раййан» сөзі «раййюн» сөзінен туындаған. «Раййюн» сөзінің түп негізгі мағынасы: суару, сусындату, шөлді басу. («Сахихүл-Бухари») Имам Әл-Манауи айтады: «Ораза ұстағандар жәннаттың ортасына жетерден бұрын ол есіктен мөлдір сусынмен шөлдерін қандырады». («Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир»)

[23] хадистің бірінде: «Жәннаттың сегіз есігі бар. Соның бірі «Раййан» деп аталады. Одан ораза ұстағандардан өзге ешкім кірмейді»,-делінген. («Фатхүл-Бари» шарху «Сахихил-Бухари»)

[24] яғни, оразаны көп ұстағандардан өзге. («Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир»)

[25] жар салушы періште немесе Хақ Тағаланың осы іске тағайындаған басқа мақұлық (жаратылған) болады. («Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир»)

[26] хадисті Сәһл ибн Саъдтан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Бухари, Имам Муслим және Имам Ахмад риуаят етті. («Әл-Жәмиъус-Сағир»)

[27] хадисті Ибн Ъамрден (родиял-лаһу ъанһу) Имам Табарони, Имам Әл-Хаким, Имам Байһақи және Имам Ахмад риуаят етті. («Әл-Жәмиъус-Сағир»)

[28] «Мажәлису шаһри Рамазан».

[29] яғни, дін жолына. Ғалымдар бұл сөздің ұғымына қатысты түрлі көзқараста болып, бір тобы: «Жиһад үшін»,-десе, екінші тобы: «Жалпы игілік жолына»,-деген. («Хашиятус-Санади ъалән-Насаи»)

[30] хадистің бірінде осы екі нәрсе жайында сұралғаны айтылған. Сонда Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Екі ат, екі түйе немесе екі бұзау»,-деп жауап берген. («Тухфатүл-Ахуази»)

[31] яғни: «Бұл – сенің істеген ізгі амалың»,-немесе: «Сен жәннатқа кіретін есік». («Хашиятус-Санади ъалән-Насаи»)

[32] яғни, парыз намаздан тыс көп нәфіл намаз оқығанды. («Сахихүл-Бухари»)

[33] осы күні ақпарат құралдары «Ислам лаңкестігі» ұғымын кеңінен таратуда. Қарап тұрсаң біз (яғни, мұсылмандар) «қатыгез, қанішер» екеміз?! Осы насихатқа ат салысып жүргендердің ішінде өкінішке орай өзін «мұсылман санаушылар да» баршылық. «Жиһад» сөзін естісе төбе шашы тік тұратындар да аз емес. Міне, осының барлығы діннен ешбір хабары болмағанның салдары. Ал негізінде ғалымдар «дін жолында жиһад ету» сөзіне: «Жендет және қарақшының басын алу, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю тәрізді амалдың бәрі жиһадқа жатады»,-деп түсініктеме берген. («Сахиху Муслим би шархин-Науауи»)

[34] хадисті Әбу Һурайрадан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Бухари риуаят етті. («Сахихүл-Бухари»)

Бөлісу: