25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Жұқа мәсіге мәсх тартуға болады ма және мәсх тартудың шарттары қандай?

Сұрақ-Жауап

Жұқа мәсіге мәсх тартуға болады ма және мәсх тартудың шарттары қандай?

Мәсі – аяқ табанынан тобыққа дейін жабатын аяқ киімнің бір түрі, оны былғарыдан не шегіреннен тігеді. Мәсінің сыртынан кебіс киеді. Мәсі тазалық үшін аса қолайлы, жеңіл әрі жұмсақ аяқ киім.

Мәсіге мәсіх тартудың дәлелдеріне келер болсақ, сексеннен астам мутауатир хадис аяқты жуудың орнына мәсінің үстіне мәсіх тартудың заңды екенін дәлелдейді. Уруа ибн әл-Муғира әкесі Муғира ибн Шуғбадан: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сапарларының бірінде мен оның қасында болған едім. Дәрет алған кезінде мәсілерін шешуге еңкейе бергенімде: «Ол екеуіне тиіспей-ақ қой! Расында, мен оларды дәретті аяқтарыма кигенмін»- деп, мәсілерінің үстіне мәсх тартқан», - деген.

Енді, мәсіге мәсх тартудың шарттарына тоқталар болсақ:

1. Таза аяққа киілуі. Таза аяққа кию дегеніміз – дәрет не ғұсыл орындалған бетте немесе біраздан кейін дәрет бұзылмай кию.

2. Мәсінің нәжістен таза болуы. Сондай-ақ, доңыздың терісінен тігілген болмауы шарт.

3. Мәсінің аяқтарды тобықтарымен бірге жабуы. Тобықтарды жаппаған мәсі үстіне мәсіх тартуға болмайды.

4. Мәсінің бір фарсах (5 км. шамамен) жерді жүруге жарауы. Бұл қашықтықты жүргенде тесіліп не жыртылып қалатын мәсіге мәсх тартуға болмайды.

5. Мәсінің аяқта баусыз берік тұруы.

6. Мәсіде үлкен тесіктің болмауы. Аяқтың кіші үш башпайының көлеміндей тесік үлкен саналады. Тесік астында ма, үстінде ме, өкшесінде бола ма, парқы жоқ. Бұдан аз көлемдегі тесік есепке алынбайды. Мұнда адамдардың жағдайлары ескерілген. Өйткені аяқкиімнің кішкене тесіксіз болуы сирек кездесетін жәйт.

7. Мәсі қалың не жұқа болсын, ең маңыздысы су өткізбеуі шарт. Өйткені, кез келген аяқкиімдегі мақсат – аяққа су өткізбеуі және аяқты жылы ұстауы. Ал су өткізетін аяқ киім аяқты жылытпайды.

Ескерту: осы шарттардың ішінде Сіздің сауалға қатысты жауабы 4 және 7 пункті.

Бөлісу: