Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы 28 маусым – баспасөз күні мерекесі қарсаңында Алматы қаласында Бас редакторлармен кездесті.
Кездесуге «Қазақ газеттері» ЖШС президенті Жұмабек Кенжалин, «Жас өркен» ЖШС директоры Жүсіпбек Қорғасбек, «Түркістан» газетінің Бас редакторы Шәмшидин Пәттеев, «Ана тілі» газетінің Бас редакторы Самат Ибраим, «Қазақстан Заман» газетінің Бас редакторы Ертай Айғалиұлы, «Заң» газетінің Бас редакторы Бекжан Әшірбаев, «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы қаласы бойынша бюро жетекшісі Қорғанбек Аманжол, «Айқын» газеті Бас редакторының орынбасары Ермахан Шайхыұлы, «Қала мен дала» газетінің директоры Нұрлан Жұмахан, «Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабеков, «Қазақстан» ұлттық арнасының Алматы қаласы бойынша бюро жетекшісі Дәурен Дариябек, т.б. журналистер қатысты.
Бас мүфти Бас редакторлармен кездесуде қоғамдағы баспасөздің рөлі мен маңызына тоқталды. «Ағартушылық-насихаттық жұмыстарды жүргізуде баспасөздің орны ерекше. Кезінде Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ» газетін ашып, халықтың сауатын ашуда үлкен жұмыстар атқарған. Діни басқарма діни саладағы жұмыстарды жүргізуде Сіздердің де тараптарыңыздан болып жатқан үлкен ақпараттық қолдауға алғыс айтады», – деді Ержан қажы Малғажыұлы. Сонымен қатар Бас мүфти баспасөз өкілдерін ақпарат құралдарын діни алауыздық тудыру мақсатында пайдаланбауға шақырды.
Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,
ҚМДБ Баспасөз хатшысы.
Алматы