26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

ҚМДБ делегациясы Түркияның Кония және Стамбул қалаларында (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

Түркияның Кайсери қаласында өткен кездесуден соң Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының делегациясы Кония шахарына барды. Ол жақтағы қазақ жастары діни басқарма өкілдерімен кездесуді асыға күткен екен.

Тіпті Кайсери қаласындағы басқосу туралы алдын-ала ақпар алып, қоятын сауалын, айтатын пікірін дайындап сақадай сай келген. Студенттермен жүздесу оқу ордасының намазханасында өтті. Олардың арасында еліміздің әр өңірінен келген бакалавр, магистр және PНD доктаранттары бар. Үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетіп жүрген тәлімгерлер бір үйдің баласындай тату-тәтті күн кешіп жатқан жайы бар. Кездесу кезінде де олардың ұжымшылдығы байқалып тұрды.

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының кеңесшісі Қуат Раев Бас мүфтидің сәлемін жолдап, студенттердің еңсесін көтерді. Және жастарды жат пиғылды ағымдардан аулақ жүруге, өзге таныстарын да осы індеттен сақтандыруға шақырды. Ең бастысы Қазақстанның атына кір келтірмеу. Оқуды тәмамдағаннан соң елге барып қалтқысыз қызмет ету. Білімді де білікті кадрлар жетіспейтін қазіргі уақытта жалынды жастардың көмегі ауадай қажет. Сөз соңында Қуат Раев өрімдей жастарды ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет етуге шақырды.

ҚМДБ-ның Жалпы және жастар ісі бөлімінің меңгерішісі Алтынбек Ұтысханұлы имамдар форумында қабылданған маңызды құжаттар жөнінде қысқаша баяндап берді. Бізге берілген нығметтерге шүкірлік етуге, тыныштық, бірлік пен ынтымағымызды бағалай білуге үндеді. Қай елде білім алғанына қарамастан қолына дипломын алған азамат отанға барып қызмет етуі керек. Дін білімімен сусындаған студенттер дінімізді дәстүрімізбен ұштастыратындай, соны өзгелерге насихаттай алатындай көреген болуы тиіс. Алтынбек Ұтысханұлы жастарды жан-жақты болуға шақырды.

«Нұр-Мүбәрәк» Египет ислам мәдениеті университетінің PНD доктаранты Оралхан Рахматбекұлы Нұр-Мүбәрәкта атқарылып жатқан істермен таныстырды. Ол Қазақстанның теолог мамандарға мұқтаждығын айтып, оқимын дегендерге университет тарапынан барлық жағдай жасалатынын хабарлады.

Елдегі ақпаратқа қанық болған студенттер оқулыққа қол жеткізу, жұмысқа орналасу, тәжірибе алмасу бағытында бірнеше сауал қойды. Барлығының мақсаты алтын уақтын бос өткізбей, ілім алып, өзгелердің діни сауатын ашуға атсалысу. Жамағат алдағы уақытта да жиі кездесіп тұруға уағдаласып, бір-бірімен қимай тарқасты. Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы делегациясының жемісті жұмысы Стамбул қаласында да жалғасын тапты. 

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының жасаған келіссөздерінің негізінде Қасеки сынды академияда білім алу мүмкіншілігі туды. Мұнда оқитын қазақ жастарының қарасы жылдан жылға көбейіп келеді. Қазір олардың саны 20-ға жетті. Делегация мүшелері алдымен аталған академияның директоры Др.Адил Бормен кездесті. Директор білім беру жүйесінің ерекшеліктерімен және студенттердің тыныс-тіршілігімен таныстырды. Мұнан соң делегация өкілдері студенттермен жүздесті. Басқосуда Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы тарапынан атқаралып жатқан жұмыстар таныстырылды. Ал студенттер өз кезегінде мұнда білім алуға барлық жағдай жасалғанын мақтанышпен айтты. Олардың әрқайсысы болашақта елге барып қызмет етсек деген ойда. Жиыннан соң қонақтар академия ғимаратын аралап, кітапхана, мәжіліс залы және тағы да басқа бөлімдердің жұмысымен танысты. Осымен 12 күнге созылған іс-сапар аяқталды» - деп хабарлайды «Асыл арна» телеарнасының журналисі Нұрболат Жантелі.

muftyat.kz

Бөлісу: