Ресейліктер қазақстандық жауынгердің сүйегін тапты. Курск облысына қарасты Поныри ауданында жүргізілген іздестіру жұмыстары кезінде белгісіз сарбаздың сүйегі табылған. Бұл туралы «Застава св. Ильи Муромца» әскери-патриоттық қайырымдылық қорының басшысы біздің елге жолдаған хатында жазған.
ҚазАқпарат хабарлағандай, Андрей Фетисовтың мәлімдеуінше, жауынгердің қалтасында құран мен кішкене сауыт (медальон) табылған. Онда анасы Пулумгуз Ахмамбекова екені және оның Сайрам ауданы Молотов колхозында тұратыны көрсетіліпті. Ал жауынгердің сүйегі табылған аумақта НКВД -ның 140-шы Сібір атқыштар дивизиясы соғысқаны белгілі болды. Іздестіру тобы зерттей келе, жауынгердің ОҚО, Сайрам ауданы Манкент стансасынан майданға 1942 жылы 17 наурызда аттанғанын анықтаған. Мекенжайы Манкент стансасы Қарабұлақ пошта бөлімшесі Молотов колхозы екені нақтыланды. Ресейліктер қазір қалтасында құран табылған жауынгердің туған туыстарын іздестіруде. Сондай-ақ жат елде қаза тапқан жауынгерді осы жылдың 7 мамыр күні РФ, Курск облысы Поныри ауданында құранмен қоса, қайта жерлеу жоспарланып отырғанын ескертеді.
Дереккөз: Jasqazaq.kz