26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Мемлекет басшысы мейірімділік күнін атап өтуді ұсынды

Ел іші
Жарнама

Астана төрінде «Мәңгілік Ел: бір ел - бір тағдыр» атты тақырыппен өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясы барысында ҚР Президенті, Ассамблея Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев барлық ұлттың бір-біріне және қазақтарға алғыс айту күнін бекітуді ұсынды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының "Мәңгілік Ел: бір ел - бір тағдыр" тақырыбымен басталған ХХІІ сессиясының ашылу салтанатында сөз сөйлей отырып, Назарбаев халықтардың түгелдей жер аударылғанын еске алды.

«Қазақ даласына тұтастай ұлттар жер аударылып келді: 800 мыңнан астам немістер, 120 мың поляктар, 550 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, Қиыр Шығыстан 100 мыңнан астам кәрістер күштеп көшірілді. Оларды жалаңаш далаға вагондармен топтастырып, «төгіп» жатты. Ал бұл кезде осы ұлы далада тек қана қазақтар мекендеген болатын. Сондықтан да жер аударылып келгендерді тек қазақтар ғана қабылдай алатын еді. Бұл солай болды да. Соғысқа дейінгі, соғыстан кейінгі кезеңдерде өздері кедейліктен титықтап, қиын күн кешіп отырған қазақ отбасылары оларды өздерінің қоныстарына қабылдады», - деді Н.Назарбаев.

Бұл ретте Президент мұның бәрін тарихты жақсы білетіндіктен емес, өз басынан өткендіктен айтып отырғанын жеткізді.

«Біздің отбасымыз да екі бөлмелі сабан үйде тұрып, үш балалы отбасын қабылдады. Бұл менің көз алдымда өтті», - деді Мемлекет басшысы.

«Сондықтан да Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнін жыл сайын барлық этностардың бір-біріне, өздерін туғандары ретінде қабылдаған қазақтарға деген мейірімділік күні ретінде атап өтуді ұсынамын. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні - 1 наурыз екені белгілі, бәлкім бұны басқа күнге белгілеуге де болады. Жалпы, осындай күнді атап өту бізді бұрынғыдан да жақындастыратын еді. Бұл күн барша қазақстандықтардың мейірімділік, махаббат пен достықтың күні болатын еді», - деді Н.Назарбаев.

ummet.kz-ақпарат

Бөлісу: