Бүгін Қазақстан Қажылық миссиясының Мәдина қаласындағы жауапты өкілі қажылық компанияларының қызметімен, қонақүйлердегі қажылардың ахуалымен, тыныс-тіршілігімен танысты. Тексеру жұмыстары «Қызмет саяхат», «Хикмет тревел», «Яссауи», «Атлас» қажылық компанияларынан басталды.
Компаниялардың қауіпсіздік талаптарын мұқият сақтау және сервистік қызмет көрсету сапасына тексеру жүргізуді жоспарлауда. «Қажылық миссиясы мен компаниялардың жұмысына көңілім толады. Жоғарғы деңгейде қызмет көрсетіп жатыр. Дәрігерлер медициналық көмек көрсетсе, дін ғалымдары шариғат сұрақтарына жауап беруге қашан да дайын. Қонақ үйлердің тағамдары да сапалы. Мәдина қаласындағы тарихи орындарды аралатып, зиярат жасатты. Бұрын аяғым ауыратын, қазір мүлдем ауырмайды, көңіл күйім де жақсы», – деді 63 жастағы Жұмакүл Маханқызы.
Қажылармен жеке кездесулерде олардың денсаулығы, уағыздардың айтылуы, діни ағарту-түсіндіру жұмыстарының жүйелі жүргізілуі, өкілдерінің қызмет сапасы, қонақүйлердегі тазалықтың сақталуы, азық-түлік пен тамақтың медициналық талаптарға сай болуы, т.б. жағдайларға аса мән берілді. «Сіздерге бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының сәлемін жеткізгім келеді. Дін басы қажыларымызға қамқор болуды, діни рәсімдерді дұрыс атқаруға көңіл бөлуімізді тапсырған болатын. Әр қажыға сапалы қызмет көрсету – Қажылық миссиясының, қажылық компания жетекшілерінің міндеті. Қандайда бір ұсыныс-пікірлеріңіз болса, біз оны жүзеге асыруға әрқашан дайынбыз», – деді ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфти кеңесшісі Қуат Раев.
Айта кетсек, әр қажылық компанияларының құрамында білікті дәрігерлер медициналық көмек көрсетіп, теологтар түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар, Қажылық миссиясының құрамындағы медицина саласының 4 білікті маманы, діни басқарманың 7 дінтанушы ғалымы қажыларға қызмет көрсетуде.
ҚМДБ Қажылық миссиясының ақпарат бөлімі