Алматыда «Достық» спорт кешенінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының жүлдесі үшін қазақ күресінен ересектер арасында 3-республикалық турнир өтті.
Төл күресімізден өткен додаға әр өңірден іріктеліп шыққан ең мықты 60 балуан күш сынасты. «Достық» спорт кешеніне жанкүйерлердің көп жиналуы ұлттық спортқа, оның ішінде қазақ күресіне деген құрмет пен қошеметтің деңгейін аңғартса керек. Осылайша, Алматы қаласының төрінде жақсы дәстүр жалғасын тапты.
Игі шараны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Оразбайұлы, Ережесіз жекпе-жектен әлем чемпионы Қуат Хамитов, Бейжің олимпиадасының қола жүлдегері Әсет Мәмбетов тамашалады.
Жарыстың ашылу салтанатында бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы қазақ күресініңұрпақтан-ұрпаққа ұмытылмай жеткен дәстүрлі өнер екенін айтты.
«Қазақ күресі – ұлттық дәстүріміз. Сонымен қоса, дінімізбен де астасып жатыр. Бұл өнер әрі пайғамбарымыздан (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) келе жатқан сүннет. Алла елшісі бір хадисінде: «Күшті мұсылман Алла Тағала құзырында әлсіз мұсылманнан жақсырақ» деген. Сондықтан, әр өңірде ұлттық спорттың басқа түрлерінен де жарыстар ұйымдастырылады. Мұндай бастамалар қоғамды бірлік пен ынтымаққа, бауырмалдық пен кішіпейілділікке шақырады. Имамдарымыз тек уағыз айтып, мешітте намаз өткізумен шектелмей, халық арасында имандылық пен ауызбіршілікті амалдары арқылы насихаттап келеді» деді Ержан қажы Малғажыұлы.
Боз кілемде тер төккен балуандардың арасынан топ жарып сүрінбей өткен Нұржан Мертаев пен Біржан Молдашев бас жүлдені сарапқа салды. Атадан асып туған Нұржан жанұшыра дем берген жанкүйердің қолдауымен қарсыласының жауырынын жерге тигізіп, бас жүлдені жеңіп алды.
Сонымен, бас бәйгеге тігілген үлкен қажылық жолдамасын Шығыс Қазақстан облысынан келген Нұржан Мертаев қанжығасына байлады. Екінші орынғатабан тіреген Атырау облысының азаматы Біржан Молдашев пен үшінші орынды иеленген Алматы облысынан келген Шыңғыс Тұрсынханов кіші қажылыққа тегін жолдаманы иемденді.
Сонымен қатар, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы бірінші орынды жеңіп алған Нұржан Мертаевтың жаттықтырушысына да үлкен қажылық сертификатын табыстады.
Әсет БЕКТҰР,
ҚМДБ баспасөз бөлімінің бас маманы,
muftyat.kz