29
Жексенбі,
Желтоқсан

һижри

Наиб мүфти «Ізгі Болгар жиынына» қатысты (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

Болгар қаласында 922 жылы Волга Бұлғарларының ислам дінін қабылдауына арналған шара өтті. Салтанатты рәсім қасиетті Құран аяттарының оқылуымен ашылды.

 

Айтулы шараға Татарстан президенті Рустам Минниханов, премьер-министр Ильдар Халиков, Мемлекеттік кеңес төрағасы Фарид Мухаметшин, Мемлекеттік кеңесші Минтимер Шаймиев, Татарстан мүфтиі Камиль Самигуллин, Ресей бас мүфтиі, орталық мұсылмандар басқармасы төрағасы Талғат Тажуитдинов, Қазан және Татарстан метрополиті, Ұлттық істер жөніндегі Федералды агенттігі жетекшісі Игорь Баринов қатысты. Тарихи жиынға Қазақстан Республикасынан ҚМДБ наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы келді.

«Бүгін Бұлғар жерінде қос мереке. Біз ең әуелі ізгі бабаларымызды еске аламыз және Волга Бұлғарларының 922 жылы исламды қабылдауы күнін атап өтеміз. Соңғы жылдары дін саласында өте сауапты істер атқарылды. Қасиетті орын – мешітті қалпына келтіруге атсалысқан жеке тұлғалар мен кәсіпкер азаматтарға алғыс айтамын» деді Татарстан президенті Р.Минниханов.

Бұл күні Болгар ислам академиясының іргетасын қалау рәсімі өтті. Р.Минниханов ислам орталығының құруға Ресей Федерациясы президенті В.Путиннің қолдау білдіргенін атап өтті.  

«Біз тағы да Бұлғар жерінде жиылдық. Жыл санап бұл аймақта өзара түсіністік пен ынтымақтастық артып келеді. Өмір сүруге бар жағдайды жасауға күш саламыз. Жұмыс жүйелі жүргізілуде» деді  Мемлекеттік кеңесші Минтимен Шаймиев. Ол іргетасы қаланған ислам академиясы білім алушыларға бар мүмкіншілікті тудыратын кешенді орталыққа айналатынын жеткізді.

«Ізгі Бұлғар жиынына» арнайы келген ҚМДБ наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы Татарстан мүфтиі Камиль Самигулинге бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының ыстық ықыласы мен сәлемін жеткізді. «Тарихи маңызы зор шараға қатысып, үлкен рухани сәттің куәсі болғанымызға қуаныштымыз. Қазақстан мұсылмандары Татарстан халқына тілектестік білдіреді. Дәстүрімізді ұмытпау, ата дінімізді ұлықтау – барша мұсылманның міндеті. Мерекелеріңіз құтты болсын» деді наиб мүфти Н.Тағанұлы. Наиб мүфти сонымен қатар елімізде еңсеріліп жатқан ауқымды істер мен ел руханиятын көтеру мақсатында қабылданып жатқан салмақты шешімдер, алқалы жиындар мен халықаралық форумдар жайында айтып өтті. 

Ислам академиясының іргетасын қалау рәсімінен соң дін өкілдері мен мұсылман қауымы бірлесіп, «Тәубе» намазын оқыды.

«Нұр Астана» орталық 

мешітінің баспасөз қызметі

Бөлісу: