Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Алматы қаласында «Нұр Мүбәрак» университетінде медресе шәкірттері арасында II республикалық олимпиада басталды.
Олимпиаданың ашылу рәсімін жүргізген наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы алғашқы сөзді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлына ұсынды. Бас мүфти шәкірттерге дәріс оқып, білім алудың мәні мен маңызына тоқталды.
«Қазақтан шыққан ақын-жазушылардың, зиялы тұлғалардың өмірімен таныссақ, олардың алғашқы сауатын медреседен алғанын анық аңғарамыз. Кешегі Алаш арыстарының да медреседен білім алып, халыққа аянбай қызмет еткенін білеміз. Бүгінгі білім сайысын өткізудегі мақсатымыз – сіздердің білімдеріңізді жан-жақты шыңдау. Қазіргі таңда, ХХІ ғасыр имамына қойылар талап үлкен. Сондықтан дін өкілдері заман талабына сай болулары тиіс. Тек діни саламен ғана шектеліп қалмай, өзге ғылымдарды да, пәндерді де үйренуіміз керек», – деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.
Білім сайысына еліміздің әр аймағынан келген 9 медреседен 110 шәкірт қатысуда. Олар 3 бағыт бойынша, атап айтқанда, Құран-тәжуид, араб тілі, ақида, фиқһ пәндерінен сынға түспек. Діни басқарманың білікті мамандары шәкірттердің білім деңгейін анықтап, игі шара соңында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар, Бас мүфтидің алғыс хаты табысталып, қаржылай марапатталады.
Айта кетейік, медреселер арасындағы республикалық сайыс осымен Алматы қаласында екінші рет ұйымдастырылып отыр.
ҚМДБ Баспасөз қызметі
muftyat.kz