28
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

Бас мүфти «Ислам және дінаралық келісім» халықаралық конференциясына қатысты (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

Бүгін Ресейдің Омбы қаласында А.Пушкин атындағы ғылыми кітапханада «Ислам және дінаралық келісім» тақырыбында өтіп жатқан халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға Қазақстан делегациясы қатарында ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, ҚМДБ-ның Ақмола облысы бойынша өкіл имамы Қанат Қыдырмин мен Петропавл облысы бойынша өкіл имамы Кенжетай Дүйсенбай қатысты. Бұл туралы ҚМДБ баспасөз қызметі хабарлады.

Омбы облысы мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен облыстық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен өтіп жатқан ғылыми-тәжірибелік конференцияға Омбы облысының губернаторы Виктор Назаров, Ресейдің Азия бөлігі мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Нафиғулла Әшіров, Моңғолия Бас мүфтиі Батырбек қажы Хадыс, Татарстан Республикасының мүфтиі Камил Самигуллин, Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасы төраға орынбасары Билалидин қажы Сайпиев, т.б. дін өкілдері келді.

«Ислам діні – бейбітшілік, амандық деген ұғымдарды білдіреді. Қоғамда тыныштық орнату, өзге дін өкілдерімен бейбіт өмір сүру, адамгершілік құндылықтарды насихаттау – барша пайғамбарлардың ұлы миссиясы болған. Осы орайда, Исламды терроризммен байланыстыру – асыл дінімізге жасалған үлкен қиянат деп санаймын. Алла Тағала қасиетті Құранымызда «Жер бетінде тыныштық орнағаннан кейін бүлік жасамаңдар» деген. Сондықтан біз, баршамыз дінімізге, ұлтымызға қарамай, қоғамда тыныштық орнауына үлес қосуымыз керек. Өйткені, дәстүрлі діндердің мақсаты – ізгілік, бейбітшілік, бірлік» деп атап өтті ҚМДБ төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы.

Аталмыш жиын жұмысында дін өкілдері бірлік, өзара түсінік, жалпы адамзаттық құндылықтар, жиһад және жаһандану үдерісі мәселелерін талқылауда.

 

ummet.kz-ақпарат

Бөлісу: