28
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

Бас мүфти: Тәуелсіздік – халқымыздың бағына берілген Алланың нығметі!

Ел іші
Жарнама

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! 

Құрметті бауырлар, қадірлі отандастар!

Сонау ғасырлар қойнауының қатпар-қатпар белесінен өтіп, қиындыққа төзіп, сынаққа сабыр етіп, азаттықтың ақ таңын атырған халқымыздың қасиетті мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын!

Тәуелсіздік – қастерлі сөз. Халық нақылында: «Отан қадіріне жетпеген өз қадіріне жетпейді», – деген қанатты сөз бар.

Аллаға сансыз шүкір, тәуелсіздігімізбен бірге дініміз өркендеп, бірлігіміз нығайды. Еліміздің әр өңірінде бой көтерген еңселі мешіттер мен медреселер жұртымыздың игілігіне қызмет етіп, иманды қоғам қалыптастыруға сүбелі үлес қосып келеді.

Ата-бабаларымыздың асқақ арманы мен асқақ рухының, иманға берік мұсылмандығының арқасында келген тәуелсіздік – дархан мінезді халқымыздың бағына берілген Алланың сыйы. Бір күнді тыныштықпен өткізу, үлкен үмітпен, ізгі оймен болашаққа қадам басу – мұсылманның нығметі. Осынау нығметтің қадіріне жетіп, тәуелсіздігімізді баянды ету – баршаға ортақ іс, абыройлы міндет. «Отан үшін күрес – ерге тиген үлес», – дейді халық даналығында. Бірде сахаба пайғамбарымыз Мұхаммедтен (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Расулалла, ең абзал амал не?» – деп сұрағанда, Алла Елшісі: «Шекараны, Отанды қорғау үшін бір күн, бір түн күзетте тұру...» деп жауап берген. Ал асыл дініміздің ізгі ғұламалары: «Отанды сүю – иманнан», – деп парасатты пікір айтқан.

Алла Тағала тәуелсіздіктің қадірін білген, ізгілік пен имандылықты ту еткен жастарымыздың қатарын көбейтіп, баршамызға ел игілігі үшін еңбек етуді нәсіп еткей! Отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға береке, мықты денсаулық тілеймін!

Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын, ағайын! Жаратушы Иеміз қарияларымызға күш-қайрат, ұл-қыздарымызға ар-иман нәсіп етіп, халқымыздың бірлігі мен берекесін арттырғай! Дұғамыз қабыл, мұратымыз асыл болғай! Әмин!

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ, 

Бас мүфти,Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы

Бөлісу: