02
Сенбі,
Қараша

һижри

Бас мүфти Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ: МҰХАРРАМ МҮБӘРАК БОЛСЫН!

Ел іші
Жарнама

2014 жылдың 14 қазаны – мұсылманша жыл басы қасиетті мұхаррам айы!

Құрметті мұсылман бауырлар!

Мұсылман жыл санауының бастауы болған алғашқы қасиетті ай – мұхаррамға баршамызды аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын!

Мұхаррам деген сөз «қасиетті», «тыйым салынған» деген мағыналарды білдіреді. Бұл – Құранда айтылған қасиетті айлардың бірі. Жаратушы Иеміз Құран Кәрімнің «Тәубе» сүресінде: «Расында Алланың құзырында айлардың саны – он екі. Жер мен көк  жаратылған  күннен бастап, Алла солай белгілеп қойды. Оның төртеуі – соғысуға тыйым салынған айлар (зүлқағда, зүлхиджә, мұхаррам, ережеп)...» деп баяндаған.

Ал хадис-шәрифте: «(Рамазаннан кейінгі) Айлардың ең абзалы – мұхаррам», – делінген.

Мұхаррам айының қасиеті мен қадірі мол. Ислам – бейбітшілік пен мейірімділдік діні. Бұл – соғысуға тыйым салынған ай. «Ораза үшін Рамазаннан кейінгі ең қайырлы ай – Алланың айы Мұхаррам», – деп пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) айтқандай, осы айда ауыз бекіткен адам мол сауапқа кенеледі. Мұқтаж жандарға, жетім мен жесірлерге, қараусыз қалған қарттарға, мүгедектер мен зағиптарға көңіл бөліп, оларға қайырымдылық көмек көрсету де – игілікті іс.

Алла Елшісінің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір өсиетінде: «Адамдардың жақсысы – елге пайдасы тигендері», – деген. Жабық­қан­ды жарылқау, қамыққанға қамқор болу, Аллаға ұнамды істердің бәрі – құлшылық. Мұсылманға кедергі келтірген жолдағы затты алып тастау да – садақа. Көршімен тату тұру, имандылыққа шақ­ыру, кешірімді болу, халықты бірлік пен ынтымаққа ұйыту, қанағатшыл болу, бүлікке жол бермеу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, көркем мінезді болу, т.б. бұл – Исламның асыл құндылықтары. Біз, дін мен зиялы қауым өкілдері, баршамыз ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілігімізді сезіне отырып, дініміздің осынау адамгершілік құндылықтарын қоғамға көбірек насихаттауымыз қажет. Иманды қоғам құру үшін баршамыз осындай ізгі, қайырлы қадамдарға бастамашыл болуымыз тиіс.

Алла Тағала қасиетті мұхаррам айында жасаған қайырлы амалдарымызды, ізгі істерімізді, тұтқан оразалырымызды қабыл еткей! Жыл басы – мұхаррам мүбәрак болсын!  

 

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Бөлісу: