Бүгін Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде мемлекеттік қызметтегі дін саласымен жұмыс істейтін мамандардың біліктілігін арттыру курсы тұсауын кесті. Бұл жайында «Нұр-Мүбарак» университетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аталмыш курстың алғақы семинарына Қызылорда облысына қарасты аудандардың Дін мәселелерін зерттеу орталығы «Ақпараттық-насихат және діни бірлестіктермен жұмыс жасау» бөлімінің 10 дінтанушыны маманы қатысты. Сондай-ақ, Маңғыстау, Алматы облыстарының өкілдері де келді.
Тұсаукесер рәсімінде университет ректоры профессор Ж.А.Басюни мырза: «Біздің білім шаңырағы осыдан 15 жыл бұрын Египет пен Қазақстан елдері арасындағы әріптестік негізінде құрылып, содан бері дін саласында қызмет ететін жоғары білімді исламтанушылар, магистранттардан өзге тіл мамандары, дінтанушылар даярлап келеді. Оқу ордамыздағы қос елдің ғалымдары Қазақстанның түкпір-түкпірінен келетін өздеріңдей мамандардың біліктілігін жетілдіруге әрқашан дайын» деді.
Университет жанынан ашылған тұңғыш республикалық діни білім жетілдіру курсына келген мемлекеттік қызметкерлерге университеттің Аппарат жетекшісі Болатбек Абуов пен Дінтану кафедрасының меңгерушісі Қалмахан Ержан мырзалар сәттілік тіледі.
Естеріңізге сала кетсек, «Нұр-Мүбарак» университеті бірқатар облыс орталықтарымен ынтымақтастық меморандумын қабылдаған болатын. Алғашқы меморандум да Қызылорда облысының әкімдігімен жасалған еді. Ал қазіргі діни ағымдардың ағылған кезеңінде мамандарды сауаттандырудың өзі жақсылықтың нышаны. Өйткені тарихтағы діни алауыздық қақтығыстарының барлығының түбірі сауатсыздық пен жалаң әсіреқызыл діндарлықтан туындайтын құбылыстар. Осы олқылықтың орнын жою үшін мемлекеттік қызметтегі діни мамандардың біліктілігін арттыруы игі бастама болмақ. Қолға алынған курстың алғашқы дәрісін белгілі исламтанушы Ерсін Әміре жүргізді.
ummet.kz-ақпарат