18 ақпан. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Жамбыл облысы, Қордай ауданына жасаған сапары аясында бірқатар кездесулер өткізді, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Соның ішінде маңыздысы аталған аймаққа жақында ғана әкім боп тағайындалған Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен «Қоғамдық кеңестің» отырысына қатысты. Жиында негізінен Қордайдағы қақтығыс пен екі ұлт арасында туындаған түсініспеушілік айтылды. Ақсақалдар, кәсіпкерлер мен белсенділерден құралған қоғамдық кеңесте ұлтаралық татулықты сақтау, дінаралық діңгекті мықтап ұстау жағы көбірек сөз болды. Жаңадан тағайындалған өңір басшысы дін өкілдерімен бірлесе жұмыс істеуді жалғастыра беретінін жеткізді. Өз кезегінде бас мүфти бұл жұмыстарға осы аймақтағы имамдар тегіс жұмылдырылады. Жамағатты тәрбиелеуде атқарылатын ортақ жұмысқа біз қашан да дайынбыз деді. «Мұсылман – бір-біріне бауыр. Кішкентай қателік үлкен дауға айналды. Соның кесірінен бала жетім, әйел жесір қалды. Екі мұсылманның қару кезеніп, мұндай теріс әрекетке баруы жақсы іс емес. Сондықтан жұмыла жұдырық боп, бәріміз біріге алға жылжу маңызды дер едім. Қазақстан дейтін жалғыз отанымыз бар. Ал дінімізде отанды қорғаудың маңызы өте зор. Кешегі бабалардың қасық қанымен, аналардың көз жасымен келген байтақ даланы қорғау, қастерлеу баршаға ортақ» - деді Наурызбай қажы Тағанұлы. Кеңестің отырысынан соң ауыл ақсақалдары жастардың тәрбиесіне жете мән береміз, оларда сан жылдар бойы қалыптасқан сыйластықты жалғастырады деп уәде берді. Сонымен қатар Діни басқарма басшысы осы сапарында дүнгендер тұратын Ауқатты, Сортөбе, Масаншы ауылдарының тұрғындарымен де тілдесті. Оларға татулық турасында айтып, қаншама жылдан бері келе жатқан тұтастығымызға сызат түсірмеуге шақырды.