Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған мүфтият ұжымы Қырғызстан делегациясымен екіжақты кездесу өткізді.
Жиында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы шақыруын қабыл алып Қазақстанға арнайы келген Абдулазиз қажы Закировке алғысын білдірді.
«Біз, арасын шекара бөліп тұрғанмен, біртуған қазақ-қырғыз бауырлас елміз. Кешегі көктемде еліміздің бірнеше аймағында су тасқыны болып, тұрғындар әуре-сарсаң күйге түскенде іргеміздегі өздеріңіз бірінші болып көңіл білдірдіңіздер. Жанашырлық танытып, гуманитарлық көмек те жібердіңіздер. Бұл – екі ел арасындағы рухани байланыстың жемісі һәм бауырластықтың, мұсылманшылықтың бейнесі» деді ҚМДБ Төрағасы.
Өз кезегінде Қырғызстан мүфтиі Абдулазиз қажы Закиров те ҚМДБ Төрағасына ризашылық ниетін білдіріп, ертеңгі өтетін халықаралық жиынға сәттілік тіледі. Дін саласындағы әртүрлі бағытта бірлесе жұмыс істеуге әрдайым дайын екенін, игі бастамаларға тілеулестігін жеткізді.