Муһажирлер: Пайғамбарымызға пайғамбарлық келгеннен кейін ең алғаш иман келтіріп, бүкіл қиындықтарға қарамастан Алла мен сүйікті Расулдың қауіпке толы жолында ешнәрседен тайынбаған жанкештілер.
Ақиқат дінінің дәстүр-талаптары бойынша өмір сүре білу үшін Меккенің алынуынан бұрын Меккеден Мәдинаға туған жер, бала-шаға, шаруа-кәсіптерін Алла үшін тастап көшкен әзиз жандар. Олар – Исламның кең таралуы жолында үлкен қызмет атқарып, өшпес із қалдырған, Алланың ризашылығына және Пайғамбары-мыздың (с.а.у.) сүйіспеншілігіне ие болған ардақтылар. Мекке азат етілгеннен кейін һижрет ету біржолата тыйылса да, алғашқы муһажирлердің даңқтары, мәртебелері мәңгі сақталып қалды. Муһажирлік дәреже – ең жоғарғы дәрежелердің бірі болды. Құранда муһажирлер жайында былай делінеді: “Сонда олардың Раббылары тілектерін қабыл етті: “Шын мәнінде Мен сендерден еркек, әйел амал етушілердің амалдарын зая етпеймін. Және сондай босқындардың (муһажирлер), жұрттарынан шығарылғандардың және Менің жолымда жапа шеккендердің, соғысқандардың, өлтірілгендердің жамандықтарын жасырамын. Сондай-ақ бұл істерінің сыйы ретінде оларды астынан өзендер ағатын Жәннаттарға кіргіземін. Әрине, сыйдың ең жақсысы Алланың қасында” (Әли-Имран, 195).
Ансар: Ансардың өздік мағынасы – жәрдем ету. Терминдік мағынасы – Ислам дінінің дәстүрлері бойынша өмір сүріп, оны таратуға Меккеден Мәдинаға көшкен Пайғамбарымыз бен муһажирлерді ыстық ықыласпен құшақ жайып, құрақ ұшып қарсы алған, оларды өздерінің күйбең тіршіліктерінен де жоғары қойып, барын солармен бөлісіп, қолынан келген жәрдемдерін аямай, муһажирлермен бауыр болып, бауырлары үшін қилы-қилы қиындықтарға төзуге ризашылығын білдірген сахабалар. Өмірлерінің соңына дейін Ислам жолында қызмет етті. Олардың көмегінің арқасында муһажирлер мұқтаждықты білмеді, бір-біріне жәрдемдесулері мен жанқиярлық-тарының дәнекерлігімен Ислам мемлекеті құрылып, аз уақыттың ішінде һәм рухани, һәм материалдық жағынан басқа мемлекеттерді басып озды. Ансардың жасаған жақсылықтары Құранда ерекше аталып, олар жайлы: “Міне, нағыз құтылушылар осылар”,– делінген. Ансардың дәрежелерін Алланың Елшісі (с.а.у.) былай бағалап, аңғартқан: “Һижрет болмағанда мен ансардың қатарынан табылар едім. Барлық адамдар бір жолға, ансар да басқа жолға түссе, мен ансардың жолымен жүрер едім. Алла Тағалам, ансарды, балалары мен олардың ұрпақтарын да қорғай гөр!”.
Муһажирлердің көшуі және ансардың оларға жәрдем етіп, қолдауының нәтижесінде Алла Расулы Мәдинаға көшті. Осылайша Мәдина Ислам төңкерісінің орнығуы мен таралуының орталығына айналды. Ислам шуағын тарату орталығы болған бұл қала „Мәдина мунаууара” (нұрлы қала) деп аталды.
материал «Саңлақ сахабалар» кітабынан алынды
ummet.kz