Парыз және уәжіп намаздарды өз уақытында орындау «әдә», ал уақыты өтіп кеткен жағдайда өтеу «қаза» деп аталады.
Намазды ешбір негізсіз тәрк ету ауыр күнә. Алайда, оның қазасы оқылуы тиіс. Қүран Кәрімде: «Шүбәсіз, намаз мүміндерге белгілі уақыттарда (өтелсін деп) парыз етілді»[1], - делінген.
Ибн Масғұд (одан Алла разы болсын) мынандай мысал келтіреді: «Хандақ күні мүшріктер Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) төрт намазды оқуға кедергі жасады. Тіпті Алланың қалауымен түннің белгілі бір уақыты да өтті. Біләлға (азан шақыруды) бұйырды. Ол азан айтты. Бесінді оқыды. Кейін қамат айтты. Екінтіні оқыды. Тағы қамат айтты. Ақшамды оқыды. Сосын тағы қамат айтты. Құптанды оқыды»[2].
Өзінің бүкіл өмірінде төрт-бес уақыт намазды ғана қаза қылған адамға ең әуелі қаза намаздарын, содан соң уақыты кірген намазды оқу - парыз. Бұл адам сахибут-тартиб (тәртіп иесі) деп аталады. Мысалы, бесін намазын қаза қылған адам алдымен қазаны оқып, кейін уақыты кірген екінті намазын оқиды. Үтір намазын оқымаған адам таң атқанда әуелі үтірді, сосын таң намазын оқиды.
Қаза намаздардың тәртібі анық болса, қазаны сол тәртіпте өтеу шарт. Мысалы, бір күннің бес уақыт намазы қаза болса, таң намазынан бастап реті бойынша кезекпен өтейді. Алайда мына үш жағдайда ада мен қаза намаздарды кезектілік ретімен оқу шарт емес:
1. Уақыт тығыз болып, қаза намазын оқығанда уақыт шығып кететін болса, бірінші кезекте уақыт намазы оқылады[3].
2. Қаза намазы бар екенін ұмытып, ада намазды оқып алған жағдайда, оны қайта оқу шарт емес. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім намазды ұмытса, оны еске түсіргенде оқып алсын. Оның бұдан басқа кәффараты жоқ» деген[4]. Сондай-ақ бұрында бұл мәселенің үкімін білмеген адамға намаз оқу кезектілігін сақтау үкімі жүрмейді, оқыған барлық намаздары есептеледі, қайта оқылмайды. Хасан ибн Зияд: «Намаз оқу реттілігін сақтау оның үкімін білмейтін адамға уәжіп емес» деген[5].
3. Өмірінде намазды көп қаза қылған, дәлірек айтқанда, алты уақыт намазды өз уақытында оқи алмаған адамның еркі өзінде: қаласа, алдымен қаза намазын оқиды, қаласа, уақыты кірген намазды оқиды. Мұндай жағдайда қаза намаздарды ретімен оқу шарт емес. Сонымен қатар алты уақыт намазды қалдырған адам өткен намаздарын оқып қысқартса да, бұрынғыдай тәртіп иесіне айналмайды[6].
ҮКІМ
Бес парыз бен үтір арасында, олардың кейбірі немесе барлығы қаза болғанда, намазды рет-ретімен оқу уәжіп. Бірақ мына үш жағдайда намазды кезектілік ретімен оқу міндет емес:
а) уақыт тығыз болып, онда тек уақыты кірген намазды оқып үлгерсе;
ә) қаза намазы бар екенін ұмытып немесе оның үкімін білмей, уақыты кірген намазды оқыса;
б) өмірінде алты уақыт намазды қаза қылған болса.
ҚМДБ пәтуа және шариғат бөлімі
[1] «Ниса» сүресі, 103-аят.
[2] Тирмизи, Ахмад және Нәсаи риуаят еткен.
[3] «Әл-Фәтауа әл-һиндия», 1/135.
[4] Бухари мен Муслим риуаят еткен.
[5] «Әл-фәтауа ат-татархания», 1/476.
[6] «Әл-бахр ар-раиқ», 2/153.