Жуырда өткен Ведомствоаралық комиссия отырысында бірқатар нысандардың қызметін жеңілдетудің екінші кезеңі мақұлданды. Ведомствоаралық комиссия елдегі оң жағдайды ескере келе, 31 тамыздан бастап бірқатар нысандардың қызметін қайта бастауға рұқсат берді. Оның ішінде діни объектілер де бар. 2020 жылдың 31 тамызынан бастап еліміздің барлық мешіттері жеке құлшылықтар үшін ашылады. Жамағат намаздарының (бес уақыт, жұма) оқылуына әзірше рұқсат жоқ.
Мешітке келетін жамағатқа қойылатын талаптар:
- Намаз оқитын залдарда имамдар және намаз оқитын адамдар міндетті түрде бетпердемен жүру;
- Әлеуметтік арақашықтықты сақтау (кемінде 2 метр);
- Мешіт кіреберісінде дене қызуын өлшету және арнайы антисептик заттарды пайдалану, аяқ киімді құрамында хлор бар өніммен, сондай-ақ қолды антисептикпен тазалау;
- Мешітте қол алыспау;
- Намаз оқығанда арақашықтық 2 метрден жақын болмау, намазды арнайы белгіленген орында оқу;
- Мешіт ішінде ұзақ уақыт қалмау. Мешітте болу уақыт ұзақтығы – 15 минут;
- Дене қызуы 37°-ден жоғары, сондай-ақ тұмау және басқа да ауру белгілері бар адамдар мешітке келмеуі керек;
- Мүмкіндігі бар мешіттерге бөлек есіктен кіру және бөлек есіктер арқылы шығу;
- Жасы 65-тен асқан қариялар, мектеп жасындағы балалар мен әйел кісілер үйде құлшылық жасағаны абзал.
Мешіттерге қойылатын талаптар:
- Мешіттердің еденін тазалау барысында құрамында хлоры бар дезинфекциялау қосындыларды пайдаланып, күніне кемінде екі рет жуу, мешіттің кіреберіс есіктерінің тұтқаларын дезинфекцияланған ақ дәкемен орау (қажеттілікке қарай ауыстырып отыру);
- Мешіт ішіндегі (намазхана, дәретхана, т.б.) санитарлық тазалық жұмыстарын талапқа сай орындау;
- Мешіттің кіреберісіне аяқ киімдерді тазалап кіру үшін едендік дезинфекциялық құралдар орнату немесе сағат сайын ылғалдандырылған сүртпелермен тазарту;
- Мешіттің кіреберісі мен адамдар келіп-кететін бөлмелерін санитайзер, антисептик құралдарымен жабдықтау;
- Әр намаздан және діни рәсімнен кейін терезелерді, бөлме есігін ашып, таза ауамен алмастыру.
Мешітте Құран оқытуға қатысты талаптар:
- Құран оқитын бөлме кіреберісін санитайзер, антисептик құралдарымен жабдықтау;
- Құран оқыту бөлмесіне 10 адамнан артық кіргізбеу;
- Құран оқытуға келушілердің араларында 2 метр қашықтықты сақтау, оларды арнайы белгіленген орындарға отырғызу;
- Құран оқитын бөлмелерде міндетті түрде бетпердемен отыру;
- Құран оқитын бөлмеге кірместен бұрын антисептик құралдарын қолдану;
- Мүмкіндігіне қарай Құран оқитын бөлмеге бөлек есіктен кіріп, бөлек есіктен шығу.
Неке бөлмелеріндегі іс-шараларға қатысты талаптар:
- Неке қию бөлмесінің кіреберісін санитайзер, антисептик құралдарымен жабдықтау;
- Неке қию кезінде шариғат талаптарына сәйкес, неке қидырушы екі жас, куәгерлерден және ата-аналардан басқа адамдардың қатыспауы (10 адамнан көп болмау) тиіс. Неке қию рәсімінде міндетті түрде медициналық бетпердені қолдануы тиіс;
- Неке қию рәсіміне қатысушылардың арасы 2 метр болуы тиіс және арнайы белгіленген орындарға отыру керек;
- Неке залдарында имамдар мен келушілер бетпердемен отыруы керек;
- Неке қиып болған соң бірден мешіттен шығуы керек;
- Неке қию бөлмесіне кіруден алдын антисептикалық құралдарды пайдалану қажет.