Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Құрметті бауырлар!
Баршаларыңызды қасиетті Қадір түнін сауапты амалмен өткізуге шақырамын.
Алла Тағала былай дейді: «Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді» («Бақара» сүресі, 185-аят).
Жаһанның жолбасшысы Мұхаммедке (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ардақты аяттардың түсірілуі осы айдағы қасиетті түндердің бірінде басталды. Ол түн мың айдан қадірлі – Қадір түні еді.
Он екі айдың сұлтаны – Рамазан берекелі ай болса, сол қасиетті айдың маңызын Қадір түні тіпті мәнді ете түседі. Алла Тағала айлардан – Рамазанды, күндерден – жұманы, түндерден Қадір түнін артық еткен. Қасиетті Құран Кәрімнің «Қадір» сүресінде: «Қадір түні мың айдан қайырлы» делінген. Бұл түнде періштелер жерге түседі.
Қадір – қасиетті, берекелі түн. Сондықтан осы түнді барлық мұсылмандар құлшылықпен өткізіп, отбасының амандығын, елдің тыныштығын тілеп дұға жасайды. Қадір кешін құлшылықпен өткізген адам үлкен сауапқа кенеліп, екі дүниенің қуанышына бөленеді.
Алла Тағала бір ай бойы ұстаған оразаларымыз бен Қадір түнінде жасаған дұғаларымызды, тілектерімізді қабыл еткей! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Әрбір отбасына бақыт, береке тілеймін!
Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, бас мүфти