Бүгін Алматыда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының төрағалығымен Ғұламалар кеңесінің кезектен тыс отырысы өтуде.
Ғұламалар кеңесінің кезектен тыс отырысына ҚМДБ төраға орынбасары, наиб мүфти Серікбай қажы Ораз, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, «Нұр-Мүбарак» университетінің проректоры Шамшәдин Керім, Алау Әділбаев, ҚР МСМ Дін істері комитеті Дін мәселелерін зерттеу және талдау орталығы Исламды зерттеу бөлімінің басшысы Мұхан Исахан, Алматы қаласының бас имамы Нұрбек қажы Есмағанбет және өзге де дін ғалымдары мен телогтар қатысуда.
Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы асыл дініміздің атын жамылып, қасиетті Рамазанның қарсаңында ел ішіне бүлік салып, жазықсыз жандардың өмірін қиған Ақтөбедегі қайғылы оқиға барша қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырғандығын айтып, дін қызметкерлері ел бірлігі мен ынтымағы жолында талмай еңбек етуі керек деп түйді.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ақтөбеде орын алған лаңкестік оқиғаны үзілді-кесілді айыптайды. Ислам – бейбітшіліктің діні. Құран Кәрімде «Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен және кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса), барлық адамды тірілткенмен тең», («Маида» сүресі, 32-аят) деген иләһи қағида бар. Ел аман, жұрт тыныш заманда жан түршігерлік қылмысқа барғандардың адамгершілік қасиеттерден жұрдай болғаны анық. Еліміздің тыныштығы мен бейбіт өмірі – баршамыз үшін ең жоғары құндылық. Сондықтан қоғамдағы тыныштық пен бейбіт өмірді сақтау – әр азаматтың парызы», – деді бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.
Ғалымдар басқосуда Ақтөбеде орын алған лаңкестік әрекетке сәләфизмнің қатысы мен діни ахуал мәселесі жан-жақты талқыланып, кеңес соңында ҚМДБ Ғұламалар кеңесі қайғылы оқиғаға байланысты халыққа үндеу жариялайды деп күтілуде.
ҚМДБ баспасөз қызметі