Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан құрылған Республикалық ақпараттық насихат тобы елордаға ат басын бұрып, насихат жұмыстарын бастады.
Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған алғашқы кездесу ҚМДБ-ның «Шариғат және пәтуа» бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сансызбай Шоқанов, дінтанушы Бауыржан Отарбаевтың қатысуымен бірнеше мекемелерде өтті.
Түске дейін Астана қаласындағы Қылмыстық атқару жүйесі департаменті ЕЦ-166/10 мекемесінде діни қылмыс үшін бас бостандығынан айырылған 40-қа жуық азаматтармен кездесіп, теріс ағымдардың қауіп-қатерлігі мен қоғамға әкелер зияндығы туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Сансызбай Шоқанов жазасын өтеушілерге басшыға бағыну, сабыр етудің артықшылығы, ертеңгі өмірді кекшілдікпен емес, жақсылыққа жоспарлау жайында тоқталып өтті. «Хадистерде айтылғандай, барша адам баласы қателеседі. Бірақ, сол қателік жасаушылардың жақсылары қателігін мойындап, тәубеге келгені екен. Қазақта жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ деген нақылмен ұғындырады. Кейде біліп, кейді білместікпен қателікке ұрынамыз. Адам баласы өз-өзіне ақылшы, тәрбиеші бола білсе, бұл әрекеттерді өткен күнмен қалдыруға болады. Бұл ретте сабырлылық таныту – ең маңыздысы. Сол себепті де, қай кезде, қандай жағдайда да ашуға емес, ақылға жүгінгеніміз абзал болмақ» деп С.Шоқанов. Кездесу соңы бүгінгі күнде дін саласындағы өзекті сұрақтармен түйінделді.
«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі