29
Жексенбі,
Желтоқсан

һижри

«Күміспен күптелген» көрме өтті (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Мәскеу ақша сарайының күміс маркаларындағы Мекке» көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Қасиетті Мекке қаласының тарихынан сыр шертетін шараға Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай, ҚР Мәдениет және спорт министрінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев, Сенат Депутаты Жабал Ерғалиев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі, Астана қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы, мешіт имамдары, сондай-ақ БАҚ өкілдері мен қала қонақтары қатысты.

Айта кетейік, ел руханиятындағы айтулы көрме Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Дариға Назарбаеваның қолдауымен өткізіліп отыр.

Ресей Федерациясы Қаржы министрлігі 2013 жылы Мәскеу Ақша Сарайынан қасиетті Меккеге арналған 999 сынамалы күмістен эксклюзивті технологиямен жасалған 40 маркадан тұратын топтама әзірлеп шығарған болатын. Қайталанбас құймаларды дайындауға 24 мұсылман мемлекетінің әр жылдары шыққан пошта маркалары іріктелді. Осындай ерекшеліктерге ие жәдігерлер жиынтығы астаналықтар мен қала қонақтары назарына ұсынылды.

Көрменің басты ұйымдастырушысы, «ВТ»компаниясының директоры Владимир Прусаковтың айтуынша, күміс маркалар пошта маркалары түпнұсқасын дәлме дәл қайталайды әрі тарихи артефакт болып табылады. Жәдігерлерді жасауға үш жыл жұмсалып, оның жұмысына ғалымдар, сарапшылар, технологтар мен инженерлер, дизайнерлер мен мүсіншілер жұмылдырылған.  Көрме қонақтары маркалардың әсемдігі мен нәзіктігіне таңданыс білдіріп, лайықты бағасын берді. Көркемдік талғамы биік жандар осындай бірыңғай эстетикалық үйлесім тапқан күміс жәдігерлердің мәңгілік өмір сүруіне, ХХІ ғасырдағы өнердің әлемде баламасы жоқ бұйымға айналарына сенім білдірді.

Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай Ресей елінен жеткен көрменің мәніне тоқталды. «Мұсылман әлеміндегі қасиетті қала тарихынан сыр шертетін көрменің өзге дүниелерден өзгешеліктері жетерлік. Бұл өз кезегінде ислам құндылықтарын танытады. Тарихи маңызы жоғары көрмеден көріп, көңілге түйеріміз мол» деді Дархан Қамзабекұлы.

ҚМДБ наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы көрменің ел мұсылмандары үшін де қуанышты жайт екенін жеткізді. «Қасиетті Меккеге арналған жәдігерлер топтамасының маңызы біздің еліміз үшін де зор. Расында, топтама санының қырық болуының символикалық мәніне назар аудармасқа болмайды. Өйткені, пайғамбарымыз Мұхаммедке пайғамбарлық міндетті осы жаста келгені тарихтан белгілі. Күллі әлем мұсылмандары Мекке қаласына, Қағбаға жүз бұрып, құлшылық етеді. Ұлық ғибадат қажылық та Мекке мен Мәдина қалаларында атқарылады. Бұл қала Мұхаммедтей ардақты жанды, асыл пайғамбарды дүниеге әкелуімен де құрметті шаһар. Тарих қатпарындағы айтулы оқиғалардың куәсі болған Меккеге ерте заманда бабаларымыз ат арытып, жаяулап қажылық жасаған. Көрме Астана халқына үлкен рухани серпіліс, дем береді деп білемін. 2012 жылы бас қалада бой көтерген «Әзірет Сұлтан» мешітінің ашылуына орай Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың сыйы ретінде «Күміс Құран» жиынтығы тарту етілген еді. Бұл туынды да осы авторлардың қолынан шыққан» деді Н.Тағанұлы.

Наиб мүфти Астанада алғаш рет ашылып отырған көрме екі ел арасындағы рухани ынтымақтастық байланысты арттыратынына сенім білдірді. Сонымен қатар, мұсылман қауымының құрметті үш айының алғашқысы Ережеп айының келуіне орайласқан игі шараның ел руханиятына ерекше серпін беретінін  де атап өтті. Ал «ВТ»компаниясының директоры В.Прусаков үздік туындылар қоржынынан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа сый ретінде бір дана күміс маркасын Ұлттық музейге тапсырды. 

Ескерте кетсек, Ұлттық музей төрінде ашылған айтулы көрме бір айға жалғасады. Елорда қонақтары мен тұрғындарын қайталанбас өнер туындыларын тамашалауға шақырамыз.


 «Нұр Астана» орталық

мешітінің баспасөз қызметі

Бөлісу: