Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының төрағалығымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің көшпелі он бірінші отырысы өтуде, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметі.
Кезекті кеңес отырысында ҚМДБ төрағасы Ержан Маямеров Діни басқарманың діни мәселелер бойынша беріп келе жатқан пәтуалары қоғамда айрықша рөлге ие бола бастағанын жеткізді. Ғұламалар кеңесінің хатшысы Ершат Оңғаров кеңестің күн тәртібімен таныстырып, талқыланатын тақырыптар мен пәтуалар тақырыптарымен таныстырды. Атап айтсақ, «Жаназа» кітабын талқылау және оны баспаға ұсыну, «Дін мен дәстүр» атты ІІ кітапты талқылап, баспаға ұсыну, «Азаматтық некенің шариғи үкімі» пәтуасын талқылап, қабылдау, «Жаназада жасалатын үрдістер үкімі» пәтуасын талқылап, қабылдау, «Кесене тұрғызудың үкімі» пәтуасын талқылап, қабылдау, т.б. тақырыптар төңірегіндегі мәселелер талқыланады.
Сонымен қатар, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің ХІ отырысында талқыланып, қабылданған «Пәтуалар жинағы» бірінші кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Бас мүфти аталмыш кітапты баспаға әзірлеп, дайындаған Кеңес хатшысы PhD докторы Ершат Оңғаровқа, кеңес мүшелеріне алғысын білдірді.
Кітапта өткен жылы талқыланып, қабылданған 30 пәтуаның толық мәтіні қамтылған. Атап айтқанда, түсік жасатудың үкімі, этил спирті бар дәріні пайдалану, исламдағы педофилдің үкімі, қыз алып қашудың үкімі, т.б.
ummet.kz-ақпарат