Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлының қатысуымен өткен жиында мүфтияттың 2016 жылғы жұмыс жоспары бекітілді. Бұл туралы ҚМДБ баспасөз қызметі хабарлады.
Жыл жоспарына арналған жиынға ҚМДБ наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы, Аппарат жетекшісі Ғылымбек Мәжиев пен бөлім меңгерушілері қатысты.
«Діни басқарма 2015 жылы елеулі іс-шаралар мен игі жобаларды жүзеге асырды. Тұңғыш рет имамдар форумын өткіздік. Алғаш рет Орталық Азия ғұламалар форумын ұйымдастырдық. Діни басқарманың 2020 жылға дейінгі жұмысын дамыту Тұжырымдамасын бекіттік. Діни білім саласына өзгерістер енгізіп, арнайы Тұжырымдама қабылдадық. Мұның бәрі сіздердің, дін қызметкерлерінің атсалысуымен жүзеге асты. Баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін. Биыл да осындай үлкен жобаларды жүзеге асыруымыз қажет» деп атап өтті Ержан қажы Малғажыұлы.
Биылғы жылдың басты шаралары қатарында республикалық ақпараттық-насихат тобына арналған конференция мен халықаралық жастар конференциясы енгізілді.
ummet.kz-ақпарат