07
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Бас мүфти тастанды балаларға қатысты пікір білдірді

Ел іші
Жарнама

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы қоғамның талқылауына түскен мектеп оқушыларының ерте жүктілікке тап болуы, жаңа туылған сәбиді тірідей далаға тастау оқиғаларына байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметі.

«Әке әкелік міндетін атқарып, балаға рухани тәрбие бермесе, ана аналық парызын орындап, мейірімін төкпесе, бала ата-ананың қамқорлығын сезінбесе, үлкендерге құрмет көрсетіп, батасын алуды үйренбесе, онда сол отбасының ойраны шықпайды деп кім айта алады? Кейбір қарындастарымыз болмашы тұрмыстық сынаққа сабыр ете алмай, бауыр еті баласын тірідей далаға тастап, болмысымызға жат мінез танытып жатқаны жанымызға батады» дейді ҚМДБ төрағасы.

Бас мүфтидің айтуынша, қыздарымыздың 11 сыныпты бітірмей жатып, ерте жүктілікке тап болуы бүгінгі қоғамның басты мәселелерінің бірі.

«Жастарымыз асығыс шешім қабылдауға бейіл тұрады. Неге? Мұның себеп-салдарын айтқанда, қайтадан сол тәрбиені, имандылықты, ізгілік пен сенімді тағы сөз етеміз. Шығыс даналығында: «Бос арбаның сылдыры көп» деген сөз бар. Тамыры терең тартпаған талдың да жел шайқаса құлауға шақ қалатыны секілді, тұла бойы иманға толмаған адамның ғұмыры баянсыз болады. Қаладағы кейбір ата-аналарымыз уақытының көп бөлігін жұмыста өткізеді. Былайша айтқанда, өз үйіміздің «квартирантына» айналдық. Әрине, ақша кімге қажет емес. Бәріне керек. Алайда, үйдегі баланың тәрбиесі одан да маңызды екенін әбден ескеруіміз тиіс» деген кеңесін жеткізді. 

«Өткен жолы ақпарат құралдарынан сәбиін көлікте босанып, далаға тірідей лақтырып жіберген қарындасымыз туралы қайғылы хабарды мен де естідім. Денем тітіркеніп, ұзақ мазасыз күй кештім. Әрине, өкінішті жағдай. Қызды қырық үйден тыя білген халықпыз ғой. Баяғыда бойжеткен қыздар отбасын құру туралы анасымен, жеңгесімен сырласатын. Қазір бұл үрдіс азайып барады. Өкінішке қарай, ұл-қыздарымыздың тәрбиесі екінші орында қалып қойды. Баласын тірідей өлімге қиған сол қарындасымызға қаражат, киім, баспана, тағы басқа нәрсе жетпей жатыр деп айта алмас едік. Жастарымызға жетпей жатқаны – рухани азық, иман, тәрбие. Өйткені, Ислам – екі дүние бақытының кілті» дейді Ержан қажы Малғажыұлы.

ummet.kz-ақпарат

Бөлісу: