07
Бейсенбі,
Қараша

һижри

ҚАCИЕТТІ САПАРҒА АСЫҒАЙЫҚ, АҒАЙЫН!

Ел іші
Жарнама

Ардақты ағайын!

Барша мұсылманның асыл арманы болған ұлы құлшылық, қасиетті қажылық сапарына да санаулы күндер қалды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қажылық парызын өтеуге ниет білдірген отандастарымызды Алланың қонағы болуға шақырады.

Биыл тұңғыш рет Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан Жидда (яғни, Мекке қаласына) бағыты бойынша тікелей рейс ашылды. Бұл – Қазақстан қажылары үшін мол мүмкіндік, үлкен жеңілдік.

Пайғамбарлар атасы Ибраһимнің (ғ.с.) ізі қалған, құтты мекен, қасиетті жер, Жаратушының нұры жауған Мекке мен Мәдина шаһарын зиярат етуге асығайық, бауырлар!

Биылғы қажылық маусымы қыркүйек айының 11-інен басталып, қазан айының 15-інде аяқталады. Ал 24 қыркүйекте ұлық мейрам Құрбан айт мерекесі басталады.

Құрметті бауырлар!

Сауд Арабиясы Қажылық министрлігінің бекіткен ережелері бойынша қажылық сапарына қатысты құжаттарды қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады. Осы санаулы күндерді сәтті пайдалануға кеңес береміз.

Жерлестеріміздің таңдауына орай, биылғы қажылық маусымының ең қысқа мерзімі – 13 күн. Бұдан да ұзақ мерзімді таңдайтын азаматтар үшін 28 күнге жоспарланған арнайы рейстер ашылғанын хабарлаймыз. Қолайлы мүмкіндікті жіберіп алмаңыздар.

Жылдағы дәстүр бойынша ҚМДБ Қажылық Миссиясының мүшелері – білікті, жоғары санаттағы дәрігерлер қажыларымыздың денсаулығын 24 сағат бойы бақыласа, 30-дан астам дінтанушы-ғалымдар мен тәжірибелі имамдар ұлы сапарда туындаған сұрақтарға жауап беріп, діни рәсімдердің дұрыс атқарылуына жіті көңіл бөледі.

ҚМДБ Қажылық Миссиясы қажылық маусымында ұйымдастыру жұмыстарын, үйлестіру шараларын жоғары деңгейде жүзеге асыруға мүдделі.       

Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) барша мұсылман қауымын: «Кімде-кім Алла Тағаланың ризалығы үшін қажылық жасап, жаман сөз бен жат амалдан аулақ болса, анасынан жаңа туған сәби секілді пәк күйінде күнәларынан тазарып, еліне қайтады», – деп сүйіншілеген. Қабыл болған қажылықтың сыйы – жәннат!

Қажылық – қаржылық мүмкіндігі бар мұсылман баласына парыз етілген амал. Өйткені, Алла Тағала Құранда «Әли Ғимран» сүресінің 97-аятында: «Мұнда келуге шамасы келген адамның бәрі Алла үшін сол үйге (Қағбаны) қажылық жасауға міндетті», –деп бұйырған.

Қажылық – мұсылман үмбетінің бірлігін айқындайтын, барша адамзатты ұлы мақсатқа үндейтін, пендені рухани кемелденуге бастайтын мол мүмкіндіктер мен сансыз сауаптар маусымы.

Қажылық – Алланың адамзат баласына берген ұлы сыйы, шексіз нығметі, берекесі мол теңдессіз құлшылық.

Жаратушы Иеміз қажылық сапарын абыроймен атқарып, Отанымызға сауап арқалап оралуды жазғай! Әмин!

 

ҚМДБ Қажылық Миссиясы

Бөлісу: