Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Дүниежүзілік Ислам мәзһабтарын жақындастыру ассамблеясының Бас хатшысы Мохсен Мұхаммади Аракиді қабылдады. Бұл жайында Muftyat.kz хабарлады.
Иран елінен келген мәртебелі мейман таяудаға Астана төрінде өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезінің қазіргідей күрделі кезеңде маңызды екенін атап өтті.
«Біз әлемде болып жатқан қантөгісті тоқтатып, тыныштық орнатуымыз керек. Ал бұл съезд біздің бейбітшілікті орнатуға бағытталған нақты ұсыныстарымызды жариялауға үлкен мүмкіндіктер беріп отыр», – деді Мохсен Мұхаммади.
Ресми кездесуде Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы мұсылман үмбетінің ауызбіршілігін нығайтуда Ислам ғалымдарының рөлі ерекше екенін сөз етті.
«Қазіргі кезеңде әлемдік қауымдастық экономикалық дағдарысты, саяси, ұлтаралық, дінаралық шиеленістерді бастан кешуде. Әсіресе, адамзат жаңа ғасырда бұрын-соңды болмаған діни алауыздықтар, дау-жанжалдар, ұлтаралық қақтығыстармен бетпе-бет келді. Ислам – бүкіл әлемде адамдардың рухани дүниетанымын байыта отырып, жер бетіндегі адамзат қауымының өмір сүру игілігіне өз үлесін қосатын қуатты күш. Сондықтан сол күшті адамдар арасындағы достық пен ынтымаққа және мемлекетіміздің дамуына жұмсауымыз қажет. Ал өзара келісім мен жарасымдылыққа Ислам дінінің қосар үлесі өлшеусіз», – деді Ержан қажы Малғажыұлы.
Басқосуда сонымен қатар Иран мен Қазақстанның рухани саладағы қарым-қатынасы, ортақ құндылықтары туралы әңгіме қозғалды.
ummet.kz-ақпарат