Әрбір мұсылман өзінің атқарып жатқан ісі, ой-пікірі, бет алған бағыт-бағдары Ислам дінінен емес екендігін толық түсінуі қажет. Яғни, мұсылманның ісі, ой-пікірі, бет алған бағыт-бағдары, оның Ислам дінін түсіну деңгейіне байланысты өзгеріп отырады.
Бұл жерде Құран және сүннетпен нақты бұйырылған канондық ережелер туралы айтылып отырған жоқ. Мұндағы меңзеп отырғанымыз мұсылман адамның ағымдағы істеп жүрген күнделікті тұрмыстық әрекеттері және дәл осы сәтте қабылдаған шешімдері. Мұсылман адам қандай да бір әрекетінде шешім қабылдап, оны жүзеге асыратын болса, оның істеген ісі Ислам дініне сәйкес немесе сәйкес емес болуы әбден мүмкін.
Алла Тағала Құранда: «Ол сондай түнде сендерді өлідей ұйықтатады. Және күндіз не істегендеріңді біледі. Сонан соң сендерді белгілі бір мерзім толтыру үшін күндіз оятады. Соңыра қайтып барар жерлерің Сол жақ. Одан кейін істеген істеріңді түсіндіреді»[1], - деген. Мұсылман адам өзін-өзі сынауы тиіс. Мұсылман пендешілікпен қателікке бой алдыру мүмкін. Сонда, ол өзінің қателігін байқауы керек, мойындағаны жөн. Қателігін байқаса, одан бас тартып, ал, егер істеп қойған болса, оны қайталамауға тырысу қажет. Өзге біреу оның қателігін байқап, бетіне басып айтқаннан бұрын, мұсылман адам өзін-өзі есепке тартып, қателігін түзеткендігі дұрыс болады.
Егер сенің атқарып жүрген ісің саған маңызды болып көрінсе, басқа мұсылманға оның өзінің ісі көбірек пайдалы көрінуі ықтимал. Сондықтан, мұсылман адам өзінің атқарып жүрген істері және жалпы ұстанымы (позиция) дінде қаншалықтымаңызға ие, өзекті екендігіне көз жеткізгендігі абзал.
Білім – сөз айтудан және амал-әрекеттен бұрын[2]
Қандай да бір ортақ атқаратын (шариғат шеңберінде рұқсат етілген) кез келген жұмыста, білімі, сауаты төмен, тәжірибесі жоқ тамыр-таныспен байланыс құру дұрыс емес. Ортақтасып жасайтын жұмыстарға адам күшін тартқанда, мұсылман адам ең бірінші оның кәсіби біліктілігіне, тәжірибесіне, біліміне, қаншалықты қоғамға пайда келтіретіндігіне жіті көңіл бөліп, назар аударуы аса маңызды.
Хадисте: «Ақиқатында, Алла біреулерің бір іс істесе, оны мүлтіксіз жасағанын жақсы көреді»[3], - деп келеді. Мұсылман адам белігілі бір салада (медицина, инжинерия, құрылыс, сауда-саттық т.б.) қызмет еткенде, көптің бірі болып, жай ғана қызметкер болу дұрыс болмайды. Ол тек жай қызметкер емес, сол саланы терең меңгерген, өзінің біліміне сенімді, қоғамға зарар емес, пайда келтіретін нағыз маман болғаны жақсы. Қазақта бұны бір ауыз сөзбен «Қайыр қылсаң, бүтін қыл» деп айтқан.
Әр мұсылман адам өзінің біліміне, дәрежесіне сәйкес, белгілі бір салада қолынан келгенінше қызметін атқарып шығады. Сен және сенің атқарып отырған істерің қоғамның жеткен жетістігінің шыны болып есептелмейді. Яғни, істі алып шығуға лайықты болып табылған сен емес, басқа адам болуы әбден мүкін. Сондықтан, білімің немесе біліктілігің жетпесе, өзіңді міндетті түрде дамыт, оқы, үйрең, біл, сосын жаса.
Бірбеткейлікке салыну дұрыс емес
Мұсылман адам кез келген істерінде, әрекеттері мен жалпы ұстанымында (позиция) бірбеткейлікке салынаудан (фанатизм[4]) барынша абайлаған жөн. Өйткені, бірбеткейлік адамның көзін «соқыр» етеді, ой-парасатын тежейді. Бірбеткейлікке салынған адам әдетте өзінің ойлаған пікірін, жасаған іс-әрекеттерін ең дұрыс нұсқа деп санап, қалғанын терістейді. Ал, бұлай жасау әсте дұрыс емес. Мұсылман адам әр қашан айналасындағы қоғаммен санасады, ең әуелі Алла разы болатын, кейін барып қоғамға осы дүниеде және ақыретте пайдасы тиетін бағыт-бағдарды басшылыққа алады. Өзінікі дұрыс болса да, оған ұсынылған тиімді әрі іске асыуына жеңіл саналатын, пайдасы көбірек тиетін нұсқаны таңдайды.Бұл туралы хадисте: «Адамдардың ең қайырлылары – адамдарға көбірек пайда әкелгендері»[5], - делінген.
Берікбол ЖАНАҚ
[1]«Әнғам» сүресі, 60-аят.
[2]Имам Бұхаридің сахих хадистер жинағындағы бір бөлімнің атауы: «Білім сөз айтудан және амал-әрекеттен бұрын» деп аталады.
[3]Табарани, Бәйһақи.
[4]Фанатизм - жеке тұлғаның белгілі бір сенімдерге деген, басқа ешқандай баламаны қабылдамайтындай болып қалтқысыз берілгендігі; бұл оның іс-әрекетінде және басқалармен қарым-қатынасында айқын көрінеді. Фанатизм сол жолда құрбан болуға дайындықпен астасады; идеяға берілгендік басқа пікірдегілерге төзбеушілікпен қараумен, ортақ мақсатқа жетуге кедергі болатын әдеп нормативтерін елемеушілікпен ұштасады. (https://kk.wikipedia.org/wiki/Фанатизм)
[5]Табарани, Бәйһақи.