07
Бейсенбі,
Қараша

һижри

МҮФТИЯТ: Аптаның айтулы жаңалықтарына шолу

Ел іші
Жарнама

ҚМДБ баспасөз қызметі 2015 жылдың 21 мен 25 – желтоқсанындағы өзекті жаңалықтарға шолу жасайды. Апта діни-рухани үлкен шаралармен қорытындыланды.

 

1. Осы апта Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2015 жылды қорытындылауға арналған Үлкен төралқа мәжілісімен басталды. Жиынға ҚМДБ төрғасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, Діни басқарма қызметкерлері және өкіл имамдар қатысты. ҚМДБ-ның облыстардағы бас имамдары уағыз-насихат, қайырымдылық, жат ағымдардың идеологиясына тойтарыс беру, мешіт жанындағы діни сауат ашу курстарының жұмысы туралы есеп берді.

ҚМДБ-ның жылдық есебі бойынша 2015 жылы 802 тұлға жат ағымдардың жетегінен дәстүрлі дінімізге қайтты. Осы жылы ҚМДБ Ғұламалар кеңесі қоғамдық күрделі мәселелер бойынша 13 пәтуаны қабылдап, шешім шығарды. Жастардың қатысуымен 3010 кездесу өтіп, оған 128 000 азамат қатысты. 423 000 оқушы, студентке уағыз-насихат айтылды. Сондай-ақ, биыл түзеу колонияларында жазасын өтеуші 723 тұлғаға жеке түсіндірме жұмысы жүргізілді.

 

2. Еліміздің астанасында ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын) туылған айына орай Мәуліт мерекесі өтті. ҚМДБ-ның ұйымдастыруымен өткен рухани кешке елімізге белгілі қоғам және мәдениет қайраткерлері, мұсылман мемлекеттерінің елшілері, қала қонақтары мен тұрғындары қатысты.

Кеш барысында, «Хикмет» телерадиостудиясының Қазақ хандығының 550 жылдығына орай жариялаған деректі фильмдер байқауының жеңімпаздары марапатталды. Байқаудың бас бәйгесіне «Бақорда» студиясының Қалжан ахун жайында дайындаған тарихи фильмі лайық деп танылып, 1 000 000 теңге сертификаты табыс етілді.

 

3. Сонымен қатар, Астана қаласында ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының төрағалығымен Республикалық ақпараттық-насихат тобының (РАНТ) қорытынды жиналысы болып өтті. Қорытынды жиналысқа ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілханов пен Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин қатысып, РАНТ мүшелерінің жұмысына өз пікірлерін білдірді.

Еліміздің дін саласындағы 30 білікті маманнан құралған 6 топ биылғы жылы еліміздің барлық өңірлерінде кездесу өткізіп, 125 817 жанды қамтыған уағыз жұмыстарын жүргізген. Жиналыс барысында өңірлердегі діни ахуалды көзімен көріп қайтқан РАНТ мүшелерінің түрлі ұсыныстары талқыланып, келер жылға нақты тапсырмалар берілді.

 

4. Астана қаласында ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің Х отырысы өтті. ҚМДБ-ның төраға орынбасары, наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Серікбай қажы Сатыбалдыұлының төрағалығымен өткен Кеңес отырысында бірқатар маңызды мәселелер талқыланып, қазіргі кезде шариғи үкімі қажеттілік туындатып отырған жайттарға пәтуа шығарылды.

Білікті мамандар бас қосқан отырыс барысында «Жыныстық мүшені ауыстыру» мен «Азаматтық некенің» шариғи үкімі шығарылды.

 

5. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес – мемлекет қауіпсіздігінің кепілі» тақырыбында жиын өтті. Басқосуға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан Малғажыұлы, «Мәдениет» бастауыш партия ұйымының мүшелері, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, сонымен қатар Ұлттық академиялық кітапхана ұжымы қатысты.

Бас мүфти жастар арасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы күресте бір ғана жол, яғни жастар аудиториясымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын қарқынды жүргізудің маңыздылығын айтты.

Шара барысында дәстүрлі емес діни ағымдармен күресу, орта білім беру ұйымдары – мектептерде дінтану пәнін жүргізудің негізгі ерекшеліктері мен артықшылықтары, интернет желілерінде кері сипаттағы діни мағлұматтарға тыйым салу, деструктивті діни ағымда жүрген жастарды дәстүрлі дінге қайтару туралы сұрақтар қойылып, діни экстремизмді таратуға қарсы іс-қимылда өскелең ұрпақтың азаматтық бағытын жандандыру жөнінде нақты ұсыныстар айтылды. 

ҚМДБ баспасөз қызметі

Бөлісу: