Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес – мемлекет қауіпсіздігінің кепілі» тақырыбында жиын өтті. Басқосуға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан Малғажыұлы, «Мәдениет» бастауыш партия ұйымының мүшелері, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, сонымен қатар Ұлттық академиялық кітапхана ұжымы қатысты.
Кездесуде ,ас мүфти жастар арасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы күресте бір ғана жол, яғни жастар аудиториясымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын қарқынды жүргізудің маңыздылығына тоқталды. «Осы жылы ҚМДБ жанындағы білікті имамдармен жүргізілген ақпараттық-түсіндіру жұмыстары шеңберінде 820 адамды теріс сипаттағы райларынан қайтарып, дәстүрлі дінімізге оралды. Сонымен бірге, ҚМДБ-ға қарасты медреселерде шәкірттердің міндетті түрде зайырлы және діни білім алатындығын, сондай-ақ медреселерді заман талабына сай, колледж деңгейіне көтеру мәселелері жоспарланып жатқандығын сүйіншілегім келеді» деді Е.Маямеров. Сонымен қатар, бас мүфти жастардың бойына ата-бабаларымыздан келе жатқан дәстүрлі рухани құндылықтарды сіңдіру,соның ішінде діни наным-сенімдер бойынша Әбу Ханифа мәзһабы мен Матуриди сенімін ұстану қажеттігін ескертті. Бұдан бөлек, дін саласында мемлекеттік саясатты жүргізу бойынша Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы сарабдал саясатын, бірлік, татулық, толеранттылық, дінаралық келісім моделін, өзге дін өкілдеріне құрмет, сыйластық нышандарын жастарымызға үлгі етті.
Шара барысында жастар тарапынан ҚМДБ төрағасына дәстүрлі емес діни ағымдармен күресу, орта білім беру ұйымдары – мектептерде дінтану пәнін жүргізудің негізгі ерекшеліктері мен артықшылықтары, интернет желілерінде кері сипаттағы діни мағлұматтарға тыйым салу, деструктивті діни ағымда жүрген жастарды дәстүрлі дінге қайтару туралы сұрақтар қойылып, діни экстремизмді таратуға қарсы іс-қимылда өскелең ұрпақтың азаматтық бағытын жандандыру жөнінде нақты ұсыныстар айтылды. Бас мүфти қойылған сұрақтарға толық жауап беріп,діни экстремизм мен терроризмге қарсы күресуде бірлесе күш жұмылдырып, қарсы күресуге шақырды.
ummet.kz-ақпарат