Әр адам қателесуші. Қателесу адамның жаратылысына тән сипат.
Сол себепті, бәріміз де үлкен-кішілі, біліп-білместен қателікке бас ұрамыз. Хадисте: «Егер сендер күнә істемесеңдер, Алла сендерді жоқ етіп, күнә істейтін әрі оған тәубе ететін қауымды жарататын еді»[1], – деп келеді. Адами құндылықтарының бір қыры – өзінің күнә-қателіктерін уақытылы анықтап, тәубе етіп, амал-ниетін түзету. Шынайы тәубе ету арқылы мұсылман адам азаптан құтылуына жол салады. Ал, Алла Тағала болса, біздің тәубемізді қабыл етуге қашан да дайын. Бұл туралы Құран Кәрімде: «(Мұхаммед ﷺ) егер құлдарым, Мен туралы сенен сұраса: «Өте жақынмын, қашан Менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін. Ендеше олар да әмірімді қабыл етсін. Және Маған сенсін. Әрине тура жол тапқан болар еді»[2] – делінген. Алла Елшісі (ﷺ) хадисте: «Күнәсы үшін тәубе еткен адам күнә жасамаған адаммен тең»[3], – деді.
Дегенмен, кейде мұсылман күнәларының кешірілуіне өзі кедергі келтіреді. Нақты айтқанда, өзінің кейбір істерімен кедергі жасайды. Соның салдарынан Алланың кешіруіне лайық бола алмай қалады. Күнәміздің кешірілуіне кедергі болатын ең әуелгісі ол – Алланың мейірімінен күдер үзу. Қандай да бір мұсылман күнә істеп қойса және артынан тәубе етсе, онда ол Алланың кешірімінен, мейірімінен бір сәт болса да үміт үзбеуі тиіс. Ақиқатында, Алланың мархаметінен үміт үзу иманның әлсіреуіне, тіпті күпірлікке дейін апаруы мүмкін. Шын мәнінде, Алла Тағала Құран Кәрімде барша мұсылмандарды мынадай хабармен сүйіншілейді: «Әй, Менің өздеріне зұлымдық жасаған құлдарым, Алланың мейірімінен күдер үзбеңдер! Шын мәнінде, Алла күнәларды толығымен кешіреді: өйткені Ол – аса Кешірімді, Мейірімді!»[4]. Осы аяттағы «Алла күнәларды толығымен кешіреді» деген сөз, ісінде шалыс басқан, ақиретін уайымдаған, тәубе етуші әр мұсылманға үлкен мотивация екендігі сөзсіз.
Күнәміздің кешірілуіне кедергі болатын келесі бір нәрсе ол – біздің тәубе еткеннен кейін күнә істерімізді әрі қарай тағы жалғастыра беруіміз. Тәубе еткен мұсылман жасап қойған күнә ісін қайталамауға тырысу қажет. Қабыл болған тәубенің шарттарының бірі күнәні екінші мәрте қайталамау болып табылады. Бұл туралы Алла Тағала Құран Кәрімде: «Ал сондай иман келтіргеннен кейін қарсы болғандар және қарсылықтарын арттырғандар, олардың тәубесі әсте қабыл болмайды. Міне солар, жолдан адасқандар»[5], – деп ескертеді. Тағы бір аятта: «Негізінен сондай иман келтіріп сонсоң қарсы келгендер, тағы иман келтіріп, және қарсы шыққандар, сонсоң қарсылығын арттырғандар, міне, Алла соларды жарылқамайды да, тура жолға да салмайды»[6], – делінген.
Әсілі, мұсылман адам еш уақытта «Алла мені кешірмейді ау?!» деп үмітсіздікке бой алдырмауы керек. Расында Алла Тағала тәубе жасаған, сабырлық сақтаған, Алладан күдер үзбеген құлдарын жақсы көреді. Өйткені,«Бірақ кімде-кім тәубе қылса, сондай-ақ кім иман келтіріп, ізгі іс істесе, міне Алла олардың жамандықтарын жақсылықтарға ауыстырады. Алла өте жарылқаушы, ерекше мейірімді. Кімде-кім тәубе қылып, түзу іс істесе, рас ол, Аллаға лайықты түрде қайтқан болады». [7]
Әзірлеген: Берікбол ЖАНАҚ
[1] Мүслим.
[2] «Бақара» сүресі, 186-аят.
[3] Ибн Мәжәһ.
[4] «Әз-Зүмәр» сүресі, 53-аят.
[5] «Әли-Имран» сүресі, 90-аят.
[6] «Ниса» сүресі, 137-аят.
[7] «Фұрқан» сүресі, 70-71 аяттар.