1.2018 – «Ислам және отбасы жылы».
Жыл басында Бас мүфти Серікбай қажы Ораз 2018 жылды діни қызмет аясында «Ислам және отбасы» жылы деп бекітті.
Осынау игі бастаманың шарапатымен облыстық, қалалық мешіттердің жанынан отбасылық кеңес беру орталықтары ашылды.
Қоғамда жанұя жарасымын арттыратын құндылықтар насихатталды. «Отбасым» атты топтамалық кітап жарық көрді. Үгіт жұмыстарында отбасы құндылығы уағыздалды.
2.24 қаңтарда киелі Түркістанда «Ислам және Ұлы дала өркениеті» атты конференция өтті.
ҚМДБ Ғұламалар Кеңесінің 2018 жылғы алғашқы көшпелі отырысы жоралы жұртымыздың рухани темірқазығы іспетті көне шаһар Түркістаннан бастау алды.
Ежелгі Мауреннахр мен Түркістанда түркілік мәдениет жаңғырды. Осы кезде Түрік мемлекеттерінің саяси әрі мәдени-дүниетанымдық негізі қалыптасты. Ежелгі Мауреннахрда адам санасының құндылық-құбылыстық рухани жаңғыруының көш басында алғашқы түркілік руханият мектебінің іргетасын қалаған ұстаз Қожа Ахмет Яссауи тұрды. Оның ілімі парасаттылық пен адамгершілік ұстанымдарын қалыптастырды.
Ұлы Жібек жолының көп бөлігі Орта Азия мен Қазақстан жерінде орналасуы халқымыздың мәдениетін, рухани мұрасын байыта түсті. Алысты жақын етіп, Орта Азия мен Еуропаны байланыстырған осынау сауда жолының бойында орналасқан тарихи қалаларда әсем мешіттер мен кесенелер бой көтерді. Қазақтың рухани мұрасын зерттеуге бекінген шетелдік тарихшы ғалымдардың бірден Түркістанға жол тартуы тегін емес.
Тарихи жәдігерлер мен мешіт-кесенелер көне Түркістан шаһарының маңайында менмұндалап тұр емес пе? Конференцияда осынау қадау-қадау мәселелер сөз болды.
3.Мүфтияттың ұйытқы болуымен тұңғыш рет Астанада 2 наурызда Еуразия мұсылман ғұламаларының форумы өтті.
Халықаралық басқосуға ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, сол кездегі ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев, Сенат және Мәжіліс депутаттары, Еуропа мен Орталық Азияның 21 елінен 35-тен астам делегат, атап айтқанда, Бас мүфтилер, дін қайраткерлері, ислами бағыттағы ұйымдар мен одақтардың жетекшілері, еліміздің зиялы қауым өкілдері, жазушылар, теолог-ғалымдар, облыстың бас имамдары, т.б. қонақтар қатысты.
Ислам діні Еуразия мұсылмандары арасында Қарахан кезеңінде тарала бастап, Алтын Орда дәуірінде аяқталғаны мәлім. Мәураннахр мен Анадолы және Каспий мен Еділ бойында жаңа түркі-ислам өркениетінің негізі қаланды. Яғни, біздің діни-рухани тұтастығымызды қамтамасыз етіп отырған ортақ тарихымыз бен мәдениетіміз бар. Сырттан келіп жатқан тасқындарға төтеп беру үшін Еуразияның дін қайраткерлері ортақ мәдени-рухани интеграцияны жандандыруы ләзім. Форумда осы мәселелер талқыланды.
Форумның мақсаты – жаңа замандағы тенденциялар мен сын-қатерлерге төтеп берудің төте жолы – дініміздің асыл құндылықтарымен өріліп, өрнектелген діни танымымызды жаңғырту. Басқосу барысында форумның Үндеуі жарияланып, Қарары қабылданды.
4.Түркістанда мүфтияттың арнайы кеңсесі ашылды
«Ертеде Түркістанды Тұран дескен,
Тұранда ер түрігім туып-өскен.
Тұранның тағдыры бар толқымалы,
Басынан көп тамаша күндер кешкен», – деп кешегі Мағжан ақын жырға қосқан Түркістан – жоралы жұртымыздың, түркі-мұсылман халықтарының рухани темірқазығы! Қазақ хандығының астанасы!
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Шымкент шаһарын республикалық маңызы бар қалалардың санатына жатқызып, Оңтүстік Қазақстанды Түркістан облысы деп қайта бекітуі – тарихымыздың талай сындарлы сәттерінде қазақ дейтін халықты бірлік пен берекеге ұйыстырып, елдікке бастаған хандар мен сұлтандарға, билер мен Алаш арыстарына жасалған зор құрметі деп есептейміз.
Осынау киелі жерде халқымыздың руханияты үшін қызмет ететін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының арнайы өкілдігі ашылды. Бұл орталық Түркістан өңірінің одан әрі рухани дамуына қызмет етіп, рухани астана мәртебесінің тереңдей түсуіне сүбелі үлесін қосатын болады.
5.Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сан-салалы қызметінің бірі – қайырымдылық.
«Қайырымдылық жасасаң қайырын өзің көресің», – деген аталы сөз бар. Биыл тек «Мектепке жол» акциясы аясында 20 248 оқушыға сабаққа қажетті оқу құралдары, киім-кешектер үлестірілді.
Ал құрбан айтта республика бойынша 61 191 отбасына 439 тонна 943 келі құрбандық еті таратылды. Қарттар, жетімдер үйлерін, әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды моралдық һәм материалдық тұрғыдан қолдау жыл бойы жүзеге асты.
Сонымен қатар, әр облыстан «Қайырымдылық керуені» акциясы бойынша Шығыс Қазақстанда тасқын судан зардап шеккен азаматтарға тұрмысқа қажетті заттар жөнелтілді. Бұл – күнделікті жекелеген азаматтарға көрсетілетін қайырымдылық көмектен бөлек игі шаралар.
6.Биыл 518 азамат дәстүрлі дінге бет бұрды.
Мүфтияттың негізгі жұмыс бағыттарының бірі – деструктивті ағымның арбауына іліккен азаматтарға жеке түсіндіру, үгіттеу жұмыстарын жүргізу.
Дін қызметкерлерінің ыждаһаттылықпен атқарған шараларының нәтижесінде 518 адам Исламдағы төл мәзһабымыз, дәстүрлі жолымыз – Әбу Ханифа мәзһабымен қауышты.
7.2018 жылда орын алған тарихи оқиғаның бірі де бірегейі – 70 пайыздан астам мұсылманның қасиетті қарашаңырағы – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 4 қабатты жаңа ғимаратқа қоныс аударуы.
Зәулім ғимараттың кітапхана, акт залы, спорт залы, намазханасы, компьютер бөлмесі бар.
Ғимарат ҚМДБ-ның әкімшілік ғимаратының құрылысы 2015 жылы басталып, 2018 жылдың 14 желтоқсанында пайдалануға берілді. Ғимараттың жер аумағы 1,2 га, ал кеңсенің жалпы аумағы 12 019 шаршы метр.4 блоктан тұрады: А блок (4 қабат әкімшілік корпус) 8 996 шаршы метр, Б блок (4 қабат жатақхана) 2 019 шаршы метр, В блок (1-қабатта акт залы) 447 шаршы метр, Г блок (1-қабатта спорт залы) 557 шаршы метр.
Жаңа кеңсе демеушілердің қаражаты есебінен тұрғызылды.
Алла Тағала сауапты іске үлес қосқан барша азаматтарға разы болсын!
Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ
ҚМДБ баспасөз хатшысы