06
Сәрсенбі,
Қараша

һижри

Ит жеті қазынаның бірі ме?

Ит жеті қазынаның бірі ме?

Мақалалар
Жарнама

Жеті қазына туралы жазылған дерек көзіне сүйенсек, жалпы жеті қазынаны үлкен жақтан ішінде иті бар және иті жоқ деп екі топқа бөлуге болады. Иті жоқ жеті қазына бүкіл адамзат қауымына, дүниенің тыныс-тіршілігіне ортақ «күн, ауа, су, топырақ, от, өсімдік, жан-жануар», - деп ары қарай жеке-жеке тармақтала береді. Ал ішінде иті бар жеті қазына кейде «жеті ырыс» деп те айтылады.

Алайда, зерттеулерге  зер салғанда, бұл жеті қазынаның түп-төркіні сонау грек аңыздарынан және бұрынғы апсәналардан шыққаны  көбірек тілге тиек етіледі.[1] Оның үстіне ит қосылған жеті қазынада итті адамның ақыл-ойымен, бақ-даулетімен қатар қойып айтатын нұсқасы тағы бар. Ислам дінінде  бақ-дәулет пен ақыл-ой Алла Тағаланың пендесіне берген құнды нығыметтері саналатындықтан, ит сияқты лас хайуанды бұл құндылықтың қатарына қосып әспеттеуге  еш негіз жоқ.

Шариғатта итті екі түрлі мақсатта ғана пайдалануға рұхсат еткен. Бірі үй-жайы мен малын және егіс алқабын күзетуге. Екіншісі, аңшылық мақсатта. Абдулла ибн Омардан (р.а.) жеткен хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.): «Кімде-кім шаруашылық пен егіншілік немесе аңшылықтан басқа мақсатта ит асыраса, бір күндік сауабынан бір қират сауабы кемиді», - деген.[2]  Қазақта малды қарайлап жүретін итті төбет, ал, аң аулайтын итті құмай тазы деген. Төбет биік төбеден түспей иесінің малын қарауылдап, ит-құстан қорғайтын болса, құмай тазымен аң аулап, саятшылық құрған. Тіпті, қиын-қыстау заманда аңшылықпен ғана отбасын  асырағандықтан, құмай тазыға ерекше мән бергені де жасырын емес. Содан да болар жеті қазынада ит атаулыдан осы құмай тазының аты көбірек аталады. Халық арасына кең таралған жігіттің жеті қазынасында: «жақсы әйел, жүйрік ат, өткір кездік, берен мылтық, қыран бүркіт, қанды ауыз қақпан, құмай тазы», - деп келеді (бұның әртүрлі нұсқасы бар, бірақ, бәрінде құмай тазы айтылады).   

Шаиғатта аңшылыққа баулыған  иттің (құмай тазы) аң аулауына мынадай шарттары бар: 1. Иесі жіберген бағыттқа жөнелу. 2. Тоқтауға бұйрық бергенде тоқтау. 3. Аңды ұстап алған соң, оны жемеу. Имам әбу Ханифа (р.ғ.) аңшы ит үш реткі аңшылығында ұстаған аңын жемесе, ол иттің ұстаған аңын жеуге болатынын айытқан.[3]

Бұл аңшылық ит хақында азғантай аңдатпа. Енді жалпы ит атаулының шариғаттағы орнына келейік.

Имам Бұхари мен Имам Муслимнің сахих хадистерінде және басқа да хадис жинақтарында  итті кәсіп көзіне айналдыруға, сатып ақшасын жаратуға тиым салынған деректер болғандықтан, кейбір ғұламалар бұл хайуанды табыс көзі ретінде пайдалану харам деген пікірде болған. Тіпті, аңшылыққа, шаруашылыққа баулыған иттің өзін пайдалануды дұрыс көрмеген. Имам Шафиғи иттің ластығына мұтлақ (жалпылама) қарағандықтан қажетсіз жағдайда ит ұстауды харамға балаған.[4] (Қазіргі қазақ қоғамында кейбір батысшыл ағайынның көзсіз еліктеуінің салдарынан, шариғат шеңберінен шығып, күнәлі әрекетке барып жүргенін күнделікті көріп жүргендіктен  Шафиғи мәзһәбындағы қатал ұстанымды атап көрсетуді жөн санадық).

Дінімізде итке қатысты қатаң тәртіптің орнауына мына оқиғаның да өзіндік себебі болған. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кезінде Мәдинаның төңірігенде өмір сүретін көшпелі бәдәуилердің өздерімен бірге шұбап жүретін көп иті болатын. Бұл хайуандар  қаладағы бейғам халықтың мазасын алатын. Кейде ыдысын жалап кетсе, кейде керекті заттарын нәжіс қып, адамдарды сескендіретін. Осы жағдайға байланысты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) иттерді өлтіруге бұйрық береді. Алла елшісінің (с.ғ.с.) әмірін екі етпеген мәдиналық жастар көше-көшені аралап, ит біткенді жайратып салады. Дегенмен, төрт аяқты хайуанды шаруашылығына пайдаланып жүрген кісілер, өздерінің орынды уәждерін алға тартып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) араша түсуін өтінеді. Алла елшісі (с.ғ.с.) түсіністік танытады. Осы істің басы қасында болған сахабаның бірі Жәбир ибн Абдулла (р.а.) оқиғаны былай баяндайды: «Алла елшісі (с.ғ.с.) бізге иттерді өлтіруді бұйырды. Біз тау жақтан келген бір әйелдің итін өлтіруге оқталғанда Аллаһ елшісі: «Сендердің міндеттерің төрт көз қара итті өлтіру. Себебі, ол шайтан», - деді.[5]

Осы мәселе бойынша ғұламалар арасында түрлі пікірлер бар. Олардың басым көпшілігі ит зиянды болса міндетті түрде өлтіруді, ал зиянсыз болса  өлтіру міндет еместігін құптаған. Хадисте айтылған қара ит пен құтырған итті өлтіруге бірауыздан келіскен.

Әз-Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) итті ұнатпай, оны мұсылмандар ортасынан аластауындағы тағы бір себеп, Алланың пәк құлдары саналатын перштелердің, осы хайуан бар жерге келмеуінде. Бұл жәйтті Айша анамыздан (р.а.) риуаят етілген хадистен анық түсінеміз. Ол (р.а.) былай дейді: «Бірде Расулулла (с.ғ.с.) Жәбрейілді күтіп отырғанымен Ол (ғ.с.) белгіленген уақытта келе қоймады. Алла елшісі (с.ғ.с.) аса таяғын бір шетке қойып: «Алла Тағала мен Оның елшісі  берген уәделерін бұзбайды», - деді. Кейін төсектің астында жатқан күшікті байқап: «бұл  мұнда қашан кірген?» - деп сұрады. Мен: «Алланың атымен ант етемін! Мен оның кіргенін білмедім», - деп  жауап бердім. Расулулла (с.ғ.с.) күшікті шығаруын бұйырды. Осыдан кейін Расулуллаға (с.ғ.с.) Жәбрейілдің (ғ.с.) келгенін сездім. Сонда  Расулулла (с.ғ.с.) Жәбрейілден: «Сенімен уағдаласқаннан кейін, мен күтіп отырдым. Бірақ сен уақытында келмедің ғой?» - дегенде,  Жәбрейіл (ғ.с.): «Менің келмеуіме үйіңіздегі күшік себеп болды. Өйткені, біз ит немесе суреті бар бірде бір үйге кірмейміз», - деп жауап берді».[6]

Ислам ғұламаларының жоғардағы хадистерді негізге ала отырып, иттің төмендегідей зияндараын алға тартады:

  1. Ит өте лас хайуан. Оның аузы-мұрны, сілекейі, терісінің барлығы нәжіске жатады. Пайғамбарымыздың(с.ғ.с.): «Ит жалаған ыдысты топырақпен ысқылап жеті мәрте жуыңдар» деуі, иттің тұла бойының түгел нәжіс екенін білдіреді.
  2. Ит тілімен терлеп, аузымен дем алатындықдан түрлі микробтар таратып, көптеген жұқпалы аурудың жайылуна себепші болады.
  3. Ит тоқтамай үріп, одан қалса ұлып адамдардың мазасын алады. Иттің ұлығанын қазақ жаман ырымға балап, жұртына қалдырған немесе атып тастаған кездері де болған. Әрине, негізсіз емес. Ит шайтан көрсе ұлиды. Азан шақырылғанда иттердың ауыз жаппай ұлитыны баршаға аян. Ондағысы, азаннан қашқан жағымсыз бейнені (шайтанды) шығарып салғаны болса керек.
  4. Ит берекесіздіктің белгісі. Иті бар үйге періште кірмейді. Періште кірмесе ынтымақ, береке болмайды. Отбасында ала көзбен атысып, арам сөзбен қағысқан ырың-жырың беймаза тірлік белең алады. Уақыт өте келе ол үйге періште тұрмақ адам бас сұға алмайтын сүркей, итшіленген берекесіздік орнайды. Демек Алланың мейір-шапағатын сүйіншілеп келетін, ал, пенденің тағат-ғибадатын Жаратушы Хақ Тағалаға әсерлеп жеткізетін осындай хайыр-берекеге ие жаратылыстың бұл хайуанды ұнатпауынан-ақ, иттің қандай мақлұқ екенін білуге болады.

Ит өзге түгіл өз қандастарымен бір астауға басы, бір қораға жамбасы сиспайды. Басқа жануарлар бірін-бірі искелеп жақын тартып жатса, бұлар бірін-бірі бас салып талап жатады. Адамға жағымпазданам деп жүріп өз тұқымын өзі жат қылып, жападан жалғыз өмір сүреді. Тек ылыққан мезгілде ғана топтасады. Онда да бір қаншыққа он-онбесі таласып, әлдісі әлсізін талап, ырылдасып, шуласып ауыл-аймақтың мазасын алады. Қазақтың араздасқан ағайынның арасын жарастырарда: «Иттей ырылдаспай, тату-тәтті болыңдар»,- дейтіні міне, осыдан болар, сірә!

Кейбір бауырларымыз: «Ит құранда айтылыпты ғой, сондықтан оған ерекше мәмле жасауымыз кереке» деген уәж айтады. Ондай ағайынға біздің де айтарымыз бар, әлбетте, шариғат шеңберінде:

  1. Иә, Құранда иттің аты аталғаны рас. «Каһф» сүресінің 18-аятында «үңгірдің босағасында екі аяқтарын созып иттері жатыр. Егер оларды көріп қалсаң ішке кірмей қорқып, бұрылып қашар едің», - дейді. Ибн Кәсир өз тәпсірінде бұл иттің үңгірдің ішінде емес, сыртында жатқанын айтады[7]. Себебі, үңгір қонақтарына рақмет періштелері келетін еді. Сондықтан итке үңгір ішінен орын бұйырмаған. Сол үшін де Құранда аты аталды деп итті қасиетті жануарға теңеудің еш қисыны жоқ.
  2. Құран кәрімде жеке ит емес, сиыр, түйе сияқты жануарлардың да аты айтылады. Құрандағы ең ұзын «Бақара» (сиыр) сүресі осы сөзімізге дәлел. Дегенмен бұл жануарлар итке қарағанда адамға анағұрлым пайдалы. Мінсең – көлік, жесең – ет, ішсең – сусын. Ал итте бұндай игілікті қасиеттер жоқ. Жегені нәжіс, жұрген жері лаң, тұрған жері лас, тиіп кетсе былғаныш. Қажетсіз жағдайда асырап бағатын болсаң күнделікті сауабының жартысынан тағы айырыласың (Хадисте бір қират сауабы кемиді деп айтылады).

Итті әспеттеген батыс қоғамынан бір әділетсіздік байқайсың. Қарғылы төбетіне төрден орын берып, сылап-сипап күтімін жасап, аузы-басын жалағанда жағаңды ұстайсың. Оларда ит емханасы 24 сағат қызмет көрсетеді. Бір атадан тараған адам баласы ішер ас, киер киімге жарымай, болмашы жалақыға жалданып жүргенде, мойнына қымбат әшекеймен безендірілген қарғыбау таққан нәжіс хайуандар ит дүкендерінде тамақ таңдап, арсалаңдап жүр. Ата-анасына жасамаған сый-сияпатты итке көрсетіп отырған сол батыста жылына 80 мың адам осы хайуанның кесірінен ажал құшатынын алға тартады кейбір дерек көздері. Атам қазақтың «Иттің басын алтын табаққа салса шоршып түсіпті» дегені осы болар.

Шариғаттың заңымен біте қайнасқан халқымыздың итке ұстанған тәртібі мен көзқарасы да ерекше ғой. Ит айтақтаған азғын ел сияқты итті үйіне кіргізбек түгілі босағадан қаратпаған. Табалдырық аттаған итті  «сумақы» деп табан астында атып тастаған. Жек көрген адамын: «ит екенсің» деген. Мінезі жаман адамды: «ит мінезді» десе, боғауыз сөзді көп айтатындарды :«ауызнан ақ ит кіріп, көк ит шықты» деп тағыда итке теңеген.

Халқымыз: «Ит – жеті қазынаның бірі» дегенді сөз жүзінде айытқаны болмаса, оған дастарханнан ас беріп, алақанына салып аяламаған. Әрі кетсе қора-қопсыны күзеткені үшін жуынды-шайындысын берген.                                   Ал тұқымынан сүйек-саяқты аужал етіп, жарты құрсақ өмір сүретін бұл хайуанның одан басқа өкпесі де, өтініші де болмағаны анық. Сондықтан ит қазынамыздан қағыс қалып барады деп даурығудың еш қажеті жоқ.

Қазақтың иттен басқада қазынасы жетіп артылады. Айталық, ұланғайыр жер – қазына, сарқылмайтын көл – қазына, берекелі ел – қазына, салихалы жар – қазына, өнегелі ұл мен қыз – қазына, ақсақалды, абыройлы, діндар қарт – қазына, ақ самайлы, ақ жаулықты ана – қазына, Хақтан келген, жүрекке жеткен, жандүниеңді жібітіп, рухыңды көгерткен дін – қазына, нәпсіге ермей, ала-құла бөлінбей, татулықты ту етіп, ақиқатқа жүгінген діл – қазына, шұбарланбай, ылайланбай, бұзылуға құмарланбай, қазақы  қағиданың қалпын бұзбай, аталы сөзді ар тұтқан тіл – қазына.

Осының бәрін түгендеп, санаға бекем түйіндеп, Алла Тағаланың ақиқат шуағымен көңілді нұрға бөлеп, сол нұрдың әсерімен ең әуелі жүректі Алла әміріне бағындырып, одан соң халқының қамына қызмет еттірген иман – қазына.

Шынайы иман – қазынаның қайнар көзі. Саналы ғұмырдың сара жолы. Екі дүние бақытының кілті. Таусылмас байлықты, қол жетпес мәртебені, берекелі ырысты тек иман қазынасынан ғана табуға болады.

Ендеше қадірсіз хайуанды жеті қазынаның біріне балап әспеттегеннен гөрі, иман сынды баға жетпес асыл қазынаны, сондай-ақ, ұлтымыздың бойына хақ діннен нәр алып тамырланған құнды мұра, қастерлейтін  әдет-ғұрпымызды көбірек дәріптегеніміз анағұрлым абзал болмақ. 

Еркінбек Алтай

Исламтанушы


[1] Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 3 т.

[2] Сахих әл-Бұхари, 3324 хадис. – Каир: «Шәрик әл-Құдыс», 2014.

[3] Уахбатуз-зухайли, Әл-Фиқһ Әл-исламия, 3/705-б. – Дамаск: «Дәру әл-фикр», 1989.

[4]Муса Шаһин, Фатх Әл-Мунғим, 6/299-б. – Каир. «Дару Әш-шурық», 2008.

[5] Сахих Муслим, 1572 хадис. – Каир. Дару әл-Хадис, 2010.

[6]Сахих Муслим, 2104 хадис. – Каир. Дару әл-Хадис, 2010.

[7]  Тәпсір Ибн кәсир, 2/412-б. – Бейрут: «Дәру Әл-Құран Кәрим», 1981.

Бөлісу: