24
Вт,
дек

һижри

Зекетті есептеу - Зекет калькуляторы

Uncategorised

Зекеттің үкімі

Құран Кәрімде: «Намазды орындаңдар, зекет беріңдер һәм Аллаға көркем қарыз (садақа) беріңдер. Өздерің үшін алдын ала жасаған қайырларыңның (қиямет күні) Алланың қасында одан да қайырлы әрі мол сауапты екендігін табасыңдар»[1], – делінген.

 Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алланың берген мал-дүниесінен зекет шығармаған адамды қиямет күні маңдайында екі қалы бар, қасқабас жылан орап, азаптайды, өткір улы тістерімен шағып, «мен сенің қазынаңмын, мен сенің дүниеңмін» дейді, кейін: «Алланың шексіз шарапатымен үйіп-төгіп берген нығметтерін игі жолда жұмсамай сараңдық қылғандар бұл қылықтары өздері үшін қайырлы болады деп ойламасын. Керісінше, бұл өздері үшін жаман болады»[2], – деген аятты оқиды»[3], – деді.

«Зекет» сөзі көбею, өсу, тазару мағыналарына саяды. Зекет берумен зекет берушінің мал-дүниесі тазаланады, берекеленеді. Ислам дінінде балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс мұсылманға жылына бір мәрте мал-мүлкінен зекет беру – парыз.

Зекет беру үшін қарызы мен қажеттілігінен артық өсімді мал-дүниесі нисап мөлшеріне жетіп, сол нисапқа бір жыл бойы иелік етуі тиіс. Зекет беру үшін мал-дүниесі нисап мөлшеріне жетуі шарт. Нисап – ол зекетті парыз ететін белгілі байлық мөлшері[4].

Бай адам деп мал-дүниесі нисапқа жеткен адамға айтылады, ал дүниесі нисапқа жетпеген адам кедей саналады. Нисапқа толмаған мал-дүниеден, сондай-ақ үй-жай, киім-кешек, мініс көлігі, кітап, ыдыс-табақ және тұрмыстық құрал-саймандар секілді қажетті заттардан және жалға берілген үйден, егін алқаптарынан, бау-бақшалардан, орман жерлерден зекет беру – парыз емес.
Біреуден алған қарыз және аманат малынан зекет берілмейді. Біреуге берген қарыз өзінің мал-дүниесі болып саналады. Сенімді адамға қарыз беріп, қалаған уақытта оны қайтарып алуға шамасы жетсе, ондай қарыздан да зекет беріледі.

Тума алтын-күміс, тиындық алтын-күміс, алтын-күміс әшекейі және алтын-күмісі көп қосындыдан зекет беріледі. Алтын-күмістің орнына қолданылатын бақыр ақшадан, құнды қағаздардан және қағаз ақшалардан зекет беріледі.

Жарты жылдан көп уақытта жайлауда өсіретін қой, ешкі, өгіз, сиыр, түйе, жылқы секілді үй жануарларынан да зекет беріледі. Үй шаруашылығына пайдаланатын малдардан және есек, қашыр, бұғы және елік секілді хайуандардан зекет берілмейді.

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі 


[1] «Мүззәммил» сүресі, 20-аят.

[2] «Али Имран» сүресі, 180-аят.

[3] Бухари риуаят еткен.

[4] Биыл 2018 жылы нисап мөлшері 1 180 000 (бір миллион бір жүз сексен мың) теңге етіп бекітілді.

Поделиться: